АСТАНА, 11 қаз –Қазақстан жаңалықтары АА. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың биыл желтоқсан айының басына жоспарланған Оңтүстік Африка Республикасына алғашқы мемлекеттік сапарын дайындау және ұйымдастыру мәселесін екі елдің сыртқы істер министрліктері басшыларының орынбасарлары ҚР және ОАР сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялардың 3-ші раундында талқылады деп хабарлайды Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
«Консультациялардың күн тәртібінің негізгі тақырыбы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың ү.ж. желтоқсан айының басына жоспарланған Оңтүстік Африка Республикасына алғашқы мемлекеттік сапарын дайындау және ұйымдастыру мәселесі болды»,-делінген хабарламада.
Тараптар Елбасының сапары шеңберіндегі екіжақты келіссөздердің форматы мен тақырыбын талқылады, сондай-ақ үкіметаралық және мекемеаралық келісімдерді қол қоюға дайындау мәселелерін, атап айтқанда, сауда-экономикалық ынтымақтастық және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ықпалдастық туралы құжаттардың және түрлі салалардағы бірқатар меморандумдардың жобаларын қарастырды.
«Халықаралық және өңірлік көкейтесті мәселелер бойынша пікір алмасу болды. Консультациялардың қорытындысы бойынша сәйкес Хаттамаға қол қойылды, сондай-ақ консультациялардың кезекті раундын 2014 жылы Астанада өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді»,-деп қорытындыланған хабарламада.
Дереккөз: newskaz.kz