Батыс Қазақстан облысында атышулы сот процесі басталғалы жатыр. Айыпталушы орындығында облыстық спорт басқармасын басқарған білдей 4 шенеунік деп хабарлайды КТК арнасы.
Бүгін алдын-ала тыңдауы өткен процестің басты кейіпкері Батыс Қазақстан облысының туризм және спорт басқармасын басқарған Мүслім Оңдағанов. Шенеунік жетекшілік еткен топ мемлекеттің 200 миллион теңгесін қалталарына басқан.
Тұтас бір облыстың спорт саласын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап, қаржысын қымқырған төртеуінің сот процесі 16-шы қазанда ашық түрде өтетін болады.
Олар спортшылардың түрлі сайыстарға баруы үшін бөлінген қаржысын тиынына дейін түк қалдырмай сыпырып алды деп айыпталуда.
Бір мысал, Мүсілім Оңдағановтың нөкерлерімен Араб Әмірліктерінде апталап жатып демалғаны анықталған. Жас спортшылардың қаражатын Оңдағанов дәл осындай жолмен ондаған рет жұмсапты.
Бұдан бөлек, халықаралық жарыстарға шығатын спортшылар іс-сапарға бөлінген қаражаттарының тең жартысын облыстық спорт басқармасына өткізіп тұруға да міндеттелген.
Бірақ бірнеше жыл ұйымдасқан қылмыстық топ ретінде мүлтіксіз қызмет атқарған Мүслім Оңдағанов тобын құқық қорғау орындары тек жыл басында ғана құрықтай алды.
Дереккөз: КТК арнасы