Қазақстанның қорғаныс министрлігі 2016 жылға қарай келісімшарттық негізге көшуді аяқтайды, деп хабарлайды сәрсенбіде ведомствоның баспасз қызметі.
Қазіргі уақытта Қазақстан әскері аралас принцип бойынша жасақталуда. Қарулы Күштерде мерзімді қызметтің жауынгерлері де, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер де қызмет етеді. Бұл ретте қатардағы және сержанттық құрамдағы әскери қызметшілердің
65 пайызы келісімшарт бойынша қызмет атқаратынын атап өткен жөн. Мерзімді қызметтегі сарбаздардың санын қысқарту шақырушылар санын азайту есебінде жүргізіледі.
«Қазір Қорғаныс министрлігі бойынша 12 мыңға жуық мерзімді қызметтің сарбаздары қалды. Біз осы күзде 6 мың жауынгерді запасқа шығарып, 1,5 мың адамды әскер қатарына шақырамыз. 2014 жылдың көктемінде тағы 6 мың жауынгер запасқа шығарылса, 1,5 мың адам әскер қатарына шақырылатын болады. Уақыт өте келе осы мың жарым шақырылушы 500 адамға дейін қысқармақ. 2016 жылы армиямызды 99 пайыз кәсібилер құрайтынына сенімдімін», – деп атап өтті Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР ҚК Бас штабының бастығы генерал-полковник Сәкен Жасұзақов.
Егер шақырылушының жоғары білімі болса, онда ол 6 айдан соң келісімшарт бойынша қызметін жалғастыруға құқылы, ал қалғандары бір жылдан соң келісімшарт бойынша әскери қызметін жалғастыра алады. «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің келісімшарт бойынша әскери қызметшілері лайықты еңбекақы мен әлеуметтік пакетті иеленіп, тұтастай тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. 10 жылдан кем қызмет еткен әскери қызметшілерге тұрғын үйді жалға алғаны үшін ақшалай өтемақы төленетін болады. Ал алыс гарнизондағы әскери қызметшілер үшін тұрғын үйлер тұрғызылады»-деп атап көрсетілген хабарламада.
Қорғаныс министрлігі 2017 жылға дейін барлық әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, биылғы алғашқы үгіт-насихат науқаны шеңберінде 7 мың адам келісімшарт негізінде қызмет етуге ниет білдірді. Қорғаныс министрлігі келісімшарт бойынша кезекті іріктеу шараларын 2014 жылдың басында жүргізеді.
Дереккөз: Қазақстан жаңалықтары АА.