Атырау, 24 қараша 07:00
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қазақстанда гомосексуалдық қатынастарды түбірімен тоқтататын заң қабылдануы керек - Б. Смағұл

2 089 просмотра

Бақытбек СмағұлБақытбек СмағұлҚазақстанда гомосексуалдық қатынастарды түбірімен тоқтататын заң жобасын әзірлеп, қабылдау керек. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Бақытбек Смағұл осылай мәлім етті.

«Тәуелсіздік алып, ұлттық мұрамызды жаңғыртып, ертеңімізге деген стратегиялық көзқарастарымызды қалыптастырып жатқан бүгінгі күні «демократиялық құндылықтыр», «адам құқығын қорғау» деген желеумен батыс елдерінің трендтерін жамылған қитұрқы құбылыстар біздің елде де орын ала бастады. Бүгінгі таңда Еуропаның бірқатар елдері, оның ішінде өркениеттің орталығы болып саналатын Франция, Нидерланды, Бельгия секілді мемлекеттер гомосексуалдық қатынастарды ресми түрде некелік қатынастар санатына қосып, заңмен бекітті. Ал жанұялық құндылықтарды мемлекеттің отбасы саясатында бәрінен жоғары қойып, өздерінің ұлттық менталитетіне байланысты мұндай қатынастарға тыйым салатын заңдарды Ауғанстан, Малайзия, Индонезия, Өзбекстан елдері қабылдады. Бүгінде Ресей де аталмыш тақырыпты қатаңдататын заңды қабылдап жатыр», - дейді Б.Смағұл.

Депутаттың пікірінше, Қазақстанның ұлттық идеологиясын қалыптастырғанда ұлт болашағын отбасыдан тыс қарастыру әсте мүмкін емес. Бұл ретте «Отан - отбасынан басталады» деген қағидатты тәрбиеге сүйену керектігін айтқан Б.Смағұл отбасы институтының маңыздылығына да тоқталды. Оның айтуынша, гомосексуалдық қатынастар ашық насихатталса, оның отбасы институтын дамытуға да кедергісі мол болмақ. Яғни, отбасы институты мұндай сәтте көтерілмей, керісінше құлдырай түседі.

«Орталық Азиядағы көне өркениеттердің тоғысқан тұсында орналасқан, Ислам Ынтымақтастық Ұйымының белсенді мүшесі саналатын Қазақстанда бұл үрдіске жол беру, еліміздің имиджіне де орасан зиян келтіреді. Бұдан бөлек, адам санасы түсінбейтін нәрсенің жетегіндегі жағдайлардың алдын алу - біздің еліміздің жаһандық әлемнен төнетін қауіптерге қарсы ұлттық құндылықтар жүйесінен құралған ұлттық болмысымызды қорғауға бағытталған нақты қадамдар болмақ. Бұл тұста «Неке және отбасы туралы» кодексінің 11-бабын күшейту ғана емес, гомосексуалдық қатынастарды түбірімен тоқтататын заң жобасын әзірлеп, ондай олқы қылыққа жол берген түнгі клубтарды жабу керек», - деді депутат Б. Смағұл.

Сонымен қатар, депутат адами болмысқа жат қатынастарға жол беріп отырған мемлекеттерге де тоқталып өтті. Оның айтуынша, бір жыныстағылардың некесіне рұқсат беріп отырған мемлекеттердің басым бөлігі үлкен бір елдің «қолшатырының» астында тұрған, қорғаныс пен қауіпсіздік мәселелері соншалықты алаңдатпайтын аумақтарда орналасқан. «Ал Қазақстан өз қауіпсіздігі үшін күні-түні көз ілмейтін стратегиялық аймақта тұр. Ендеше, болашақта бір жыныстыға бейім еркектер ел шекарасын қалай қорғамақ? Қорғаныс жағы қалай қамтамасыз етіледі? Демографиялық өсімге олар қалай үлес қосады? Ұрпаққа қандай тәрбие бере алады? Осы сауалдарға тереңнен көз жүгірткен абзал. Бүгінге дейін батыс елдерінде ұсынылып келген дамуымызға серпін беретін көптеген демократиялық құндылықтарды қабылдағанымыз анық. Алайда, батыс елдері «экономикалық көрсеткіштер», «ашық қоғам» атты ұғымдар арқылы басып озса да, рухани жағынан үлкен ем-домды қажет ететінін көріп отырмыз. Рухани ем біздің ұлттық болмысымызда, бабалар мұрасында жатыр. Сонымен қатар, қазір қабылданып жатқан заңдар азаматтарымыздың тек әлеуметтік жағын арттырып, олардың бай-қуатты қоғамда өмір сүру талаптарына ғана емес, оларды рухани кеселдерден қорғау арналарына да бағытталуы шарт деп білеміз», - деді Б. Смағұл.

Дереккөз: ҚазАқпарат

2 қазан 2013, 15:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.