Қазақстандық шекарашыларға Қырғызстанмен шекарада шабуыл жасалды деп хабарлайды Қазақстан ҰҚК шекара қызметінің баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, Қордай шекара отрядына қарасты «Сортөбе» шекара заставасының сарбаздары 16 жылқыны ұстады. Жылқыларды қырғыз жерінен жасырын түрде қуалап өтпек болған «жылқышылардың» өздері шекарашыларды көрісімен бой тасалап, көзден ғайып болды.
«Осы жылқыларды алып келе жатқан нарядқа заставадан 7 шақырымдай қашықтықта 5-6 атты адам және мемлекеттік нөмері жоқ «Митсубиши Паджеро» автомобилінен шабуыл жасалды»,-делінген хабарламада.
Шабуыл кезінде шекарашылар АК-74 автоматынан 4 рет және Макаров тапаншасынан 3 рет, барлығы 7 рет аспанға оқ атуларына тура келді.
«Белгісіз адамдар бір жылқыны қуалап, тауға қарай қашып құтылды. Қалған 15 жылқы қаржы полициясының Қордай аудандық басқармасына тапсырылды»,-деп атап көрсетілген хабарламада.
Қосымша күш келгеннен кейін іздестіру жұмыстары жалғастырылды. Іздестіру нәтижесінде жол қиылысында (Құмбатыс-Масаншы елдімекендері) тұрған мемлекеттік нөмірі жоқ, сыртқы келбеті іздеген көлікке ұқсайтын иесіз машина табылды. Алдын ала алынған мәлімет бойынша көліктің иесі Сортөбе елдімекенінің тұрғыны Марат есімді азамат болып шықты.
Қордай аудандық ішкі істер бөлімімен бірлесе отырып шекара нарядына шабуыл жасаған белгісіз адамдарды анықтау, ұстау, сондай-ақ қылмыстық жазаға тарту мақсатында жедел іздестіру жұмыстары жүргізілуде.
Дереккөз: Қазақстан жаңалықтары АА.