«ҚазИнвестБанк» АҚ директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшесі Дархан Ботабаев «Эйр Астана» қызметкерін ұрғаны үшін Қоғамнан өз еркімен қызметтен кетті, деп хабарлайды банк баспасөз қызметінің мамандары.
«Эйр Астана» компаниясында болған оқиғаға байланысты, «ҚазИнвестБанк» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Жаңабеков жағдайды анықтау үшін Ботабаевпен кездесті. Кездесуден кейін Ботабаев өз еркімен қызметтен кетуге өтініш жазған.
«Болған оқиғаның кесірінен екі ортада ҚазИнвестБанк зардап шегіп отыр. Сол себепті банктің директорлар кеңесіне тәуелсіз мүшеліктен өз еркіммен бас тарттым. Бұл жерде банктің ешқандай жазығы жоқ, сондықтан, банкті жанжалға араластырудың қажеті жоқ. Менің ойымша бұл шешімім бәрімізге де жақсы болады деп ойладым», - дейді Ботабаев.
Банктің мәліметтері бойынша, директорлар кеңесі оның өтінішін қабылдаған. Директорлар кеңесінің төрағасы құқық қорғау органдарының қызметкерлері бұл жағдайға қатысты әділ шешім шығаратынына сенетінін жеткізді. Естеріңізде болса, 11 қыркүйек күні Ботабаев билет алу үшін «Эйр Астана» кеңсесіне келеді. Компания қызметшісіне дөрекі сөздер айтып, бетіне бірнеше рет ұрады. Мұның бәрін бейнебақылау камерасы жазып алған.
Осыдан кейін «Эйр Астана» Ботабаевқа әуе компаниясының ұшақтарына билет сатуға тыйым салады. ҚазИнвестБанк басшылығы да оған қатысты шара қолданатынын айтқан. Құқық қорғау қызметкерлері Ботабаевқа әкімшілік жаза тағайындалатынын айтты.
Дереккөз: Baq.kz