АҚШ-та қаза болған қазақстандық Талғат Орымбаевтың денесін Астанаға сейсенбі, 1 қазанда жеткізеді, деп хабарлады сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов.
Ведомствоның мәлеметінше, Орымбаев 14 қыркүйектен бастап, жергілікті жоғарғы жылдамдықты тас жолдарының бірінде БМВ автокөлігін айдаған 53 жасар АҚШ азаматы Терри Сэмс (Terri Sams) қағып кеткеннен кейін ауруханада болған. Т.Сэмс дер кезінде жедел жәрдем қызметіне қоңырау шалып, отандасымызға керекті алғашқы жәрдем көрсеткен. Дәрігерлердің айтуынша, Т.Орымбаевтың алған жарақаттары ауыр болғандықтан, оның жағдайының түзелуіне еш мүмкіншілік болмаған. 25 қыркүйекте Чикаго қаласының (Иллиноис штаты) Loyola University Medical Center орталығында Талғат Орымбаев қайтыс болды.
Үсеновтың айтуынша, қазақстандық азаматтың көз жұмған кезінде қасында анасы Қарлығаш Орымбаева болған.
«Қазақстандықтың денесін елге жеткізуге қатысты барлық қаржылай шығындар Сыртқы істер министрлігінің есебінен өтелетін болады. Орымбаевтың денесі шамамен 1 қазанда Нью-Йорк қаласы арқылы Астанаға жіберіледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар, отандасымыздың қайғылы қаза тапқанына АҚШ-тағы қазақстандық диаспора өкілдері де бей-жай қарамағанын атап өткіміз келеді. Олар Орымбаевтың жанұясына 16 мың доллар шамасында қаржы жинады», - деп түйіндеді министрліктің өкілі.
Дереккөз: Қазақстан жаңалықтары АА.