Атырау, 5 желтоқсан 08:28
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Доссор тұрғындары: «Бір күні үйіндінің астында қаламыз ба деп қорқамыз»

Бейнежазба
296 рет қаралды

Атырау облысы, Мақат ауданы, Доссор кентінің тұрғындары жергілікті әкімдіктен өздерін көшіруді сұрап, бірнеше рет арыз жазған. Бірақ тұрғындардың бірі –Айнұр Әсетованың айтуынша, содан бері үш апта өтсе де, әлі жауап жоқ.

Әсетова қазір тұрып жатқан үйінің апатты жағдайда екенін айтып, «бір күні үй опырылып, астында қаламыз ба деп қорқамын» дейді. Ол екі қабатты ескі үйдің екінші қабатында тұрады. Бұл үй 1959 жылы салынған. 2021 жылы жазда әкімдік өкілдері оған «Ембімұнайгаз» АҚ филиалының жұмысшыларынан ақша жинап, осы үйден баспана берген.

«Сараптама үйді бұзуды қажет деп көрсетті»

Айнұрдың айтуынша, бұл үйдің жағдайы адам тұруға жарамсыз.

- Осы пәтерді 1 млн 700 мың теңгеге алып берді. Ол ақшаны жергілікті әкімдіктен «Ембімұнай» жұмысшылары жинап берді деді. Алғаш кірген кездің өзінде үйдің іші қирап тұрған. Түсқағазы жыртылған, еден екі қабат болып көтеріліп кеткен, төбесінен су ағып тұрды. Әжетхана болмаған, ал сырттағы ортақ әжетхана толып, кіру мүмкін емес еді. Кейін өз күшімізбен шарбақ салып, сол жерге уақытша әжетхана жасадық, – дейді ол.

Айнұр тұрып жатқан үйдің инженерлік жүйелері де тозған. Жылу құбыры жөнделмеген, әр пәтер жеке қазандық арқылы газбен жылытылады. Тоқ әлсіз, жиі өшіп, газ сорғысы да бірнеше рет жанып кеткен.

Айнұрдың отбасында үш бала бар: ортаншысы дәрігерлік есепте тұр, өздігінен дәретке бара алмайды. 

- “Дюфалак” ішеді үнемі. Оған таза, іші жылы, жеке әжетхана керек, – дейді ана.

«Билік бізге көңіл бөлсе екен» 

Биыл қыркүйекте Айнұр Әсетова Мақат ауданының әкіміне кіріп, жаңа баспана сұраған. Бірақ оған үйді алдымен «апатты деп тану керек» деп жауап берген.

Сол кезде үш тұрғын, оның ішінде Айнұр да бар, өз қаражаты есебінен сарапшы шақырып, әрқайсысы 25 мың теңгеден жинаған. Мамыр айында жүргізілген сараптама қорытындысында: «Үй апатты, сүрілуге жатады» деп жазылған.

Осыдан кейін биыл қарашада жергілікті әкімдік үй жағдайын зерделеген. Доссор кенті әкімі бастап қол қойған зерделеу актісінде үйдің тозғаны жазылған. Ішкі-сыртқы қабырғаларында жарықтар бар екенін де растаған. Бірақ, апатты жағдайда деген сөз жоқ.

Айнұр көршілерімен бірге үйдің апатты екенін, осыған байланысты өздерін көшіруді талап ететіні жөнінде «Аманат" партиясының аудандық филиалына, аудандық мәслихат төрағасына және аудан әкімдігіне арыз жолдаған. Бірақ ешқандай ресми жауап болмаған.

- Үйдің апатты екенін бәрі біледі, тек шара қолданбай отыр. Мен ресми жауап болмағасын әрі үйге ешкім келмегесін аудан әкімінің орынбасары Жайкинді кәсіпкерлерді құттықтауға арналған концерттен көріп, үйге ертіп әкелдім. Үйді сырттан қарап, “кезекке тұру керек” деп кетіп қалды, – дейді Айнұр.

Оның сөзінше, ол тұрып жатқан үй жөндеуге келмейді.

- Қолымызда сараптама қорытындысы бар, қауіпсіз баспана беруін сұраймыз, - дейді Айнұр.  

Редакция облыс әкімдгінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиевқа сауалдар жолдады. Жауап болады деген үміттеміз.

Айнұр САПАРОВА

Фото мен видео тұрғындардан келген

14 қараша, 12:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.