Атырау, 24 қараша 06:45
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов өмірден озды

14 957 просмотра

Кеңес Одағының батыры, Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов 90 жасқа қараған шағында өмірден озды.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев марқұмның туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Сағадат Нұрмағамбетовтың өмірі талай буынға нағыз ерлік пен отанына деген шексіз сүйіспеншіліктің керемет үлгісі ретінде мұра болып қалмақ. Мектеп партасынан адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғысқа аттанған 18 жастағы қайсар жігіт, Бірінші Беларус майданының құрамында Солтүстік Кавказ, Украина, Молдава, Польша елдерін азат ету шайқастарына қатысып, өзі басқарған атқыштар батальонымен жаудың Берлиндегі соңғы бекінісін бұзады. Сол кезде 20 жастағы майор С.Нұрмағамбетов Кеңес Одағының батыры атанды.

Сағадат НҰРМАҒАМБЕТОВ, КСРО батыры, Халық қаһарманы:

- Берлинде соғыстан кейін 2-3 рет бардым. Берлин көшелерінде қалай соғысқанымыздыеске түсірдім. Қазірде көшелер өзгерген. Ұрыс болған жерге саябақ орнатқан. Ол Рейхстагқа жақын 400-500 метрдей жерде орналасқан.

Ұлы Отан соғысынан кейін елге батыр болып оралған Сағадат Қожахметұлы көп жылдар еліміздің Қарулы Күштері қатарында үлкен қызметтер атқарып, 1992 жылы тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі лауазымына тағайындалады. Бұл жас мемлекет үшін қиын-қыстау жылдар болатын. Бірақ, жасы 70-ке таяса да, мінезін майданда шыңдаған батыр аға, бұл міндетті де мінсіз орындады. ҚР Қарулы Қүштерін аяғынан тік тұрып, бүгінгі дәрежеге жетуіне елеулі үлес қосты. Отанына сіңірген адал қызметі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен тұңғыш «Халық қаһарманы»орденімен марапатталды.

Махмұт НӘЛІБАЕВ, С. Нұрмағамбетов атындағы халықаралық қордың төрағасы:

- Бұл кісі – адамзаттың эталоны. Адал, кішіпейіл жан болатын. «Ұлт мақтанышы» деп аталатын мұрағат құжаттары бойынша жұмыс істеп, ол кісіні бірнеше қырынан таныдық. Алғашқылардың бірі болып, жаудың ғимаратына енгендігін анықтадық. Екінші мәрте Кеңес Одағы батыры орденіне ұсынған құжаттарды таптық.

Сағадат Нұрмағамбетовтың ордендерін тізіп шығуға көп уақыт керек. Биік марапттардың арасында бауырлас Украина, Польша, Чехия, Монғолия елдерінің ең жоғары марапаттары бар. 1995 жылы «Армия генералы» атанып, құрметті демалысқа шыққан батыр өмірінің соңғы сәтіне дейін Мемлекет басшысының кеңесшісі болып, отанына адал қызмет етті. 1999 жылы Елордасында ашылған «Жас ұлан» республикалық әскери мектебіне Сағадат Нұрмағамбетовтың есімі берілді. Батырмен қоштасу 26 қыркүйек күні таңертеңгі сағат 10:00-де Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өтеді.

Дереккөз: 24.kz

25 қыркүйек 2013, 14:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.