Экс-депутат Бақыт Сыздықова "Нұр Отан" ХДП-нан қарызға алған 7 миллион теңгенің төңірегінде әңгіме қозғады. Бұл жайында Tengrinews.kz хабарлайды.
Астанада өткен баспасөз мәжілісінде Сыздықова Елбасына жазған хатын оқып берді. Оның айтуынша, ертеректе экс-депутат расында да "Нұр Отаннан" қарызға 7 миллион теңге алған екен. Бұл ақшаны ол көңілді тапқырлар клубының жастарына көмек ретінде жұмсаған. Кейін Сыздықова партия басшылығынан берешегін қайтару уақытын кейінге қалдыруды сұрап, артынша мүлдем кешіре салуды да өтінген көрінеді.
Мұнан бөлек ол партиялық тәртіпті бұзды деген айыпты жоққа
шығарды. "Мен партияның қалалық филиалы шешкен шешіммен келіспеймін. Ол жалпы партияның шешімі емес, жеке партиялықтардың істеп отырғаны. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, жоғарыда айтылған мәселелерді ескере отырып, әділ шешімін шығаруыңызды сұраймын" деді Сыздықова.
Ол сондай-ақ, партия мүшелері төлейтін төлемдерді төлемегендігін де мойындады. Себебін экс-депутат сол кездегі қиындықтармен байланыстырды. Сыздықова Президенттен оны партия қатарына қайта алуды сұрап отыр.
Дереккөз: BAQ.KZ