ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлағанындай, кеше Оралдың қақ ортасында, «Галактика» сауда ойын-сауық орталығы алдында кісі өліміне соқтырған атыс оқиғасы орын алды.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, Ақтөбе қаласында тұрған 1986 жылғы Андрей Войтишин кеуде тұсына соғылған пышақ жарақатынан оқиға орнында көз жұмған. Жедел жәрдем көлігімен Ақтөбе қаласының тағы екі тұрғыны, 1989 жылғы Анарбек Шәкенов пен 1982 жылғы Қайрат Оңалбеков мойын және кеуде тұсындағы травматикалық жарақаттармен облыстық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің шешімімен жарақатының дәрежесіне қарай оларды ауруханаға жатқызудың қажеті жоқ деп табылды.
Жол полициясы және күзет қызметі қызметкерлері күдікті бой тасалаған автокөлікті дереу анықтады. Соның нәтижесінде Орал қаласының 26 жасар тұрғыны С. құрықталды.
Полицейлер анықтағанындай, аталған күдікті «Галактика» маңында зайыбымен өз автокөлігіне бара жатқан кезде сол маңда тұрған төрт жас адам мас күйінде мұның әйеліне тіл тигізіп, балағаттаған. Осыдан ұрыс-керіс туып, ол төбелеске ұласқан. Күдікті травматикалық пистолетін қолданып, оғы таусылған кезде өзіне шабуыл жасағандардың біреуін пышақтап, автокөлігімен қашып үлгерген.
Осыған сәйкес ҚР ҚК 96-бабына (кісі өлтіру) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, С. уақытша оқшаулағышқа қамалды, одан травматикалық пистолет тәркіленді.
Сонымен қатар жәбірленушілер бұзақылығы және полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткені үшін әкімшілік тәртіппен ұсталды. Оның үстіне қаза тапқан А.Войтишиннің ҚР ҚК 178-бабына сәйкес пайдакүнемдік пен күш көрсеткені үшін бұрын сотталғаны белгілі болып отыр. Сол себепті аталған төртеудің Оралға не мақсатпен келгендігі анықталуда.
Дереккөз: ҚазАқпарат