Атырау, 5 желтоқсан 07:29
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Тоқаев Каспийдің экологиялық жағдайына алаңдаушылық білдірді

559 рет қаралды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ саммитінде климат мәселесіне айрықша тоқталып, Каспий теңізіндегі ахуалдың ушығып бара жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы жағдай экологиялық апатқа ұласуы мүмкін екенін ескертіп, ұйым аясында Су проблемасын талдау орталығын құруды ұсынды.

– Бүгінгідей беделді форум аясында өте шетін, дегенмен күрделі мәселеге тоқталғым келеді. Бұл Каспий теңізінің мүшкіл хәлі. Жағдай экологиялық апатқа ұласуы мүмкін. Аталған проблема ШЫҰ аясындағы ұзақмерзімді консультацияның басым бағытына айналғаны жөн. Осы себепті бүгін Астанада ШЫҰ жанынан Су проблемасын талдау орталығын құру туралы ұсыныс айттым. Таяуда Алматыда БҰҰ Бас хатшысының қатысуымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған өңірлік орнықты даму орталығы ашылды. Бұл біздің көпжақты дипломатияға бейіл екенімізді көрсетеді. Орайлы сәтті пайдаланып, барлық серіктестерге Өңірлік экологиялық саммитті келесі жылы сәуір айында Астанада өткізу туралы шешім қабылданғанын хабарлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, келесі жылы Ұйымның 25 жылдығы аталып өтетінін еске салды.

– Бұл маңызды әрі айтулы белес Жаңа алтын дәуірдің бастауы болатынына сенімдімін. Осы кезеңде ШЫҰ өз рөлін сөзсіз күшейтіп, заманымыздың ең өзекті мәселелеріне оң ықпал ететін болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
2 қыркүйек, 18:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.