АСТАНА, 10 қыр –Қазақстан жаңалықтары АА. Ақмола және Қарағанды облыстарында, Қорғалжың мемлекеттік табиғи қорығының аумағында киіктердің бетпақдала популяциясында киіктердің жаппай қырылуы пастереллёзден болды деп мәлімдеді Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрлігі орман және аң шаруашылығы комитеті басқармасының бастығы Бақытбек Дүйсекеев сейсенбіде брифингте.
«Қырылған жануарлардың биологиялық және патологиялық материалдары, су, топырақ, өсімдіктер, жәндіктер, сондай-ақ, зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті басқа да үлгілер алынды. Алдын ала мәліметтер бойынша, киіктердің қырылу себебі пастереллез ауруы болуы мүмкін»,-деді Дүйсекеев.
Жерден және әуеден жасалған есептеу жұмыстарының қорытындысында анықталып нақтыланған мәліметтер бойынша, барлығы 493 бас бөкен қырылған. Тексеру өткізілген аумақта басқа әлсіреген немесе дертке шалдыққан киіктер табылған жоқ.
Ақбөкендердің қырылу себептерін анықтау мақсатында қоршаған ортаны қорғау, ауыл шаруашылығы, ішкі істер, білім және ғылым министрліктерінің өкілдерінен құралған жұмыс тобы құрылды. 8 қыркүйек күні жұмыс тобының мүшелері Қорғалжың мемлекеттік табиғи қорығының аумағына барып, жергілікті атқарушы органдар өкілдері мен жауапты мекемелердің мамандарымен бірлесе отырып, оқиғаның себеп-салдарын анықтау жұмыстарына кірісті.
Өлі жануарларды тұтастай жою шаралары қолға алынды.
Ақбөкендердің бетпақдалалық, оралдық және үстірттік популяциларындағы жануарлардың ахуалы бақылауға алынып, үздіксіз мониторинг жүргізілуде.
2013 жылы өткізілген есептеулер қорытындылары бойынша елімізді мекендейтін ақбөкендердің жалпы саны 187 мың басқа жетіп, 2012 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда (137,5 мың жануар) 36 пайызға өсті.
Киіктердің бұл түрінің табиғи мекені Қазақстан, Ресей және Моңғолия аумақтарын қамтиды. Қазақстанды мекендейтін ақбөкендер бұл жануардың әлемдік популяциясының 90 пайызын құрайды.
Дереккөз: newskaz.kz