Атырау, 24 қараша 05:45
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қытай аймақтағы өз ықпалын жүргізуге тырысып жатқан жоқ - ҚХР Төрағасы С.Цзиньпин

3 406 просмотра

Президент Казахстана Нурсултан Назарбаев и Председатель Китайской Народной Республики Си Цзиньпин. Фото ©akorda.kz,архив Қытай аймақтағы өз ықпалын жүргізуге тырысып жатқан жоқ. Бүгін Назарбаев университетінің студенттері алдында дәріс оқыған Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин осылай айтты.

«Қытай сыртқы саясатты бейбіт жолмен жүргізуді қалайды. Біз өзге елдердің халқына, олардың ішкі және сыртқы саясатына құрметпен қарап, Орталық Азия мемлекеттерінің ішкі жұмыстарына еш араласпаймыз. Қытай аймақтық мәселелерде өз ықпалын жүргізуге тырысып жатқан жоқ», - деді С.Цзиньпин. Оның айтуынша, Қытайдың Орталық Азия елдерімен ықпалдастық байланыстары мемлекеттік егемендік, аумақтық тұтастық, ұлттық қауіпсіздік және тұрақтылық қағидаттарына негізделеді.

 

***

Қытай басшысы Қазақстанға өзара есепті ұлттық валюталарда жүргізуді ұсынды

 

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға ұлттық валюталарда өзара есеп айырысуды ұсынды.

Бұл туралы бүгін ол Астанада Назарбаев университетінде берген дәрісінде мәлім етті.

Оның айтуынша, ҚХР Ресеймен және өзге де елдермен өзара есепті ұлттық валюталарда сәтті жүргізіп келеді.

«Бізде жақсы нәтижелерге қол жеткізілді, үлкен тәжірибе жинақталды. Аталған тәжірибенің географиясын кеңейту оң шешім деп есептеймін», - деді Си Цзиньпин.

ҚХР Мемлекеттік кеңесінің басшысы есеп айырысуда, сонымен қатар ағымдағы және капиталды операцияларда ұлттық валюталарды қолдану екі ел арасында болатын қаржылық операциялардың шығындарын біршама азайтады. «Бұл біздің елдеріміздің қаржылық тәуекелдерге төтеп беруіне септігін тигізіп, аймақтық экономиканың халықаралық бәсекеге қабілеттігін арттырады», - деп түйді сөзін Си Цзиньпин.

***

 

ҚХР Төрағасы С.Цзиньпин ұлы Абайдың сөзін келтірді

 

Қытай мен Қазақстанның жастары біздің бүгінгі достығымызды жалғастырып, оны ары қарай нығайту жұмысына өз үлестерін қосады деп сенеміз. Бүгін Назарбаев университетінің студенттері алдында дәріс оқыған Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин осылай айтты.

Осы орайда ол қазақ халқының ұлы ойшылы Абайдың «Дүние - үлкен көл, Заман - соққан жел, алдыңғы толқын - ағалар, артқы толқын - інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер» деген сөзін келтіріп: «Біз екі ел жастарының бүгінгі достығымызды жалғастырып, оны ары қарай нығайту жұмысына өз үлестерін қосады деп сенеміз. Қазақстан мен Қытай - тағдыры бір көрші мемлекеттер. Екі мың жылдан асатын ортақ тарихымыз бізді біріктіріп қана қоймай, екі жақты байланыстарды дамытуға мол мүмкіндік беріп отыр. Ендеше, бірге қол ұстасып, жарқын болашаққа аяқ басайық», - деп атап көрсетті С. Цзиньпин.

***

 

ҚХР басшысы Ұлы Жібек жолын жандандырудың амалдары жайында айтып берді

 

Бүгін Астанада Назарбаев университетінде дәріс берген ҚХР басшысы Си Цзиньпин Ұлы Жібек жолын жандандырудың амалдары жайында айтып берді.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Еуразия құрлығында орналасқан мемлекеттер экономикалық қарым-қатынасты дамыту мақсатында әріптестіктің жаңа модельдерін қолдану қажет. Соның біріне Ұлы Жібек жолы бойының экономикалық негізін жасау арқылы қол жеткізуге болады.

«Біріншіден, Орталық Азия елдері араларындағы саяси келісімді күшейтулері қажет. Оған қол жеткізу үшін экономикалық даму стратегиясы бойынша пікір алмасу алаңдарын ұйымдастыру ұсынылады. Сонымен қатар аймақтық әріптестікті дамыту шаралары мен бағдарламаларын жасақтау керек», - деп атап өтті Си Цзиньпин.

ҚХР Төрағасының атап өткеніндей, келесі бағыт ШЫҰ аясында ортақ жол желілерін дамыту және сауда-саттық саласын жеңілдету болмақ.

«ШЫҰ аясында ортақ жол желілерінің құрылысын қарқындатуымыз тиіспіз. Қазіргі уақытта автожол тасымалының жағымды шарттарын жасау бойынша келіссөздер жүргізілуде», - деді С.Цзиньпин.

«Үшіншіден, сауда-саттық байланысын дамыту. Жібек жолы бойында аса ірі нарыққа ие 3 млрд. халық тұрады. Сауда-инвестициялық байланыстардың үлкен әлеуеті бар. Сондықтан кедергілерді жоюға бағытталған сауда саласын мейлінше жеңілдету шараларын қарастыру қисынды болар еді», - деп түйді ойын ҚХР басшысы.

Соңғы бағыт - валюта ағынын күшейту. Қытай мемлекеттер арасындағы сауданы ұлттық валютада жүргізуді ұсынып отыр.

Дереккөз: ҚазАқпарат

7 қыркүйек 2013, 14:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.