Атырау, 24 қараша 04:30
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

НАТО сарапшылары қазақстандық әскерилерді жоғары бағалады

1 592 просмотра

АСТАНА. 3 қыркүйек. ҚазАқпарат - Іле полигонында «Дала қыраны - 2013» халықаралық бітімгерлік жаттығуы аяқталды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.

Әлемнің 12 елінен келген әскери қызметшілер екі апта бойы бірлескен бітімгерлік операцияларды өткізудің қыр-сырларын меңгерді.

«Қазбаттың» жауынгерлері әскери дайындықтарының жоғары деңгейде екендіктерін көрсетті. Шетелдік әріптестер қазақстандық әскери қызметшілердің үздік нәтижелерін атап өтті. «Қазбаттың» патрульдік десантты шабуылдаушы бригадасы елді мекенді тазарту, миналарды залалсыздандыру, жаралыларды тікұшақпен тасымалдау және гуманитарлық жүктерді алып жүру сияқты шараларды жүзеге асыруға қатысты. Сонымен бірге қазақстандық бітімгерлер «Дала қыраны - 2013» халықаралық бітімгерлік жаттығуына қатысушы елдер қарулы күштерінің өкілдерімен бірге блок-постқа жасалған шартты түрдегі содырлардың шабуылын тойтара білді. Бір атап өтетін жайт - полигондағы ахуал шынайылыққа пара-пар жағдайда болғандығы.

АҚШ, Италия, Ұлыбритания және басқа да жаттығуға қатысушы елдердің әскери командирлері, Қазақстан армиясының бітімгерлік миссияны орындауда зор әлеуетке ие болып отырғандығын және «Қазбат» БҰҰ шеңберінде кез келген мемлекетте басқа елдердің қарулы күштерімен бірлесіп әрекет етуге дайын екенің атап өтті.

Жаттығуға қатысқан НАТО сарапшылары «Қазбаттың» іс-қимылының жоғары деңгейде екендігіне таңданды.

НАТО-ның ресми сайтында «NАTO assists Kazakhstan Peace Keeping Battalion with Extrcise Steppe Eagle» («НАТО қазақстандық бітімгерлік батальонға «Дала қыраны» жаттығуын өткізуге көмектеседі») атты мақала орналастырылды. Мақалада НАТО әскери серіктестік Басқармасы үйлестіру және интеграциялау дивизионының Директоры генерал Бардхил Колчаку (Colonel Bardhyl Kollcaku): «Мен ынтымақтастықтың деңгейіне, ақпарат алмасудағы ынта мен құлшынысқа таңдандым, бұл дегеніңіз Қазбаттың бітімгерлік операцияларды еркін жүргізе алатындығын дәлелдейді», - деп атап көрсетті. «Дала қыраны - 2013» жаттығуы «Бейбітшілік үшін серіктестік» бағдарламасы шеңберінде НАТО мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың маңызды кезеңіне айналды.

НАТО сарапшылары мақалада сондай-ақ, қазақстандық батальонның бітімгерлік міндеттерді орындауда тәжірибесінің бар екендігін айтқан. Әңгіме Қазақстан әскери қызметшілерінің 2003-2008 жылдар кезеңінде Иракқа жәрдемі жөнінде болып отыр. «Қазбат» Иракта оқ-дәрілерді залалсыздандыру, пайдалануға жарамды су көздерін табу және медициналық мекемелердің құрылысын салу жұмыстарын жүзеге асырды.

Дереккөз: inform.kz

 

3 қыркүйек 2013, 11:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.