«Қысқа мерзімде әкімшілік реформаның жаңа кезеңі жүргізілді. Біріншіден, мемлекеттік қызметтің жаңа моделі құрылды. «А» корпусы қалыптастырылды. Бұл жоғары талаптар бекітілген 543 мемлекеттік қызметкерді қамтып отыр», - деді Елбасы.
Осы орайда Президент саяси қызметкерлер саны 7,5 есеге қысқарғандығын атап өтті. Мұнымен қоса, Н. Назарбаев жергілікті өзін-өзі басқару реформасы жүргізілгендігін, ауылдық деңгейде қосымша 5 мың штаттық бірлік бөлінгендігін, оларға 67 мемлекеттік функция бекітілгендігін еске салып өтті.
Бүгінде ауылдық әкімдер салық жинау, бюджетті қалыптастыру, тұрғындардың қатысуы арқылы жергілікті проблемаларды шешу үшін қаржыландыру құқығына ие болғанына тоқталған Президент, «2,5 мың жергілікті әкімдердің сайлауын өткізу маңызды қадам болды. Бұл еліміздің барлық әкімдерінің 91 пайызы», деді.
«Жергілікті жерлерге осынша өкілеттіктер берілді. Бұл олардың жергілікті көкейтесті мәселелерді дербес әрі уақытылы шешуіне мүмкіндік береді деп санаймыз. Сонымен қатар бұл әкімдерге отандастары мен мемлекет алдында аса зор жауапкершілік жүктелді. Әрбір әкім бұл жауапкершілікті сезініп, өз міндеттерін лайықты атқаруы тиіс», - деп түйді Н. Назарбаев.
Дереккөз: inform.kz