
22 маусымда Пәкістан алғаш рет Лахор қаласынан (Пенджаб провинциясы) Ресейдің Астрахань қаласына жүк пойызын жөнелтеді. Бұл туралы Пәкістанның теміржол министрі Мұхаммад Ханиф Аббаси хабарлады.
Жүк пойызы Халықаралық «Солтүстік — Оңтүстік» көлік дәлізінің (INSTC) шығыс тармағы арқылы Иран, Түрікменстан және Қазақстан арқылы өтеді. Жалпы маршруттың ұзындығы шамамен 8 000 шақырымды құрайды, ал жолға кететін уақыт 20–25 күн болады.
Иранның Захедан қаласында теміржол табанының әртүрлілігіне байланысты құрам ауыстырылады. Одан әрі жүк Түрікменстанның Серахс қаласы арқылы, Қазақстанның Болашақ – Ақтау көлік дәлізімен жүріп өтіп, Атырау арқылы Ресейдің Астрахань қаласына жеткізіледі.
Бірінші кезеңде 15–16 контейнермен шамамен 500 тонна жүк тасымалдау жоспарланған. Пәкістаннан Ресейге былғары бұйымдар, тоқыма өнімдері мен медициналық құрал-жабдықтар экспортталады. Кері бағытта тыңайтқыштар, бидай және мұнай өнімдері жеткізіледі.
Бұл жаңа маршрут қатысушы елдер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтып, Қазақстанның өңірлік көлік торабындағы рөлін арттырады деп күтілуде.