
Мәжілістегі Аграрлық мәселелер комитетінде өткен тақырыптық отырыста «Органикалық өнім өндіру және айналымы туралы» заңның іске асырылу барысы қаралды.
Комитет төрағасы Серік Егізбаев 2024 жылғы желтоқсанда күшіне енген жаңа заң ішкі органикалық өнім нарығын қалыптастыруға, сертификаттаудың бірыңғай стандарттарын және сапаны бақылау жүйесін енгізуге, сондай-ақ өндіріс пен өткізудің барлық кезеңінде ашықтықты қамтамасыз етуге құқықтық негіз жасағанын атап өтті. Алайда қабылданған шараларға қарамастан, бірқатар мәселе шешімін таппай отыр.
Депутат Айдарбек Қожаназаров өз сөзінде Қазақстанда органикалық ауыл шаруашылығын дамытуға арналған тұтас стратегияның әлі де әзірленбегеніне, сертификаттау құнының жоғарылығына, шағын шаруа қожалықтары үшін қолжетімді тетіктер жоқтығына және ішкі нарықтың дамымағанына назар аударды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков органикалық өнім өндірушілердің қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларына бірдей құқықтары бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, агроөнеркәсіп кешенін дамыту тұжырымдамасы аясында 2028 жылдан бастап органикалық тыңайтқыштарды сатып алуға арналған субсидиялар енгізу жоспарланып отыр. Бұл ретте нормативтік-құқықтық базаны дайындау, оның ішінде органикалық тыңайтқыштардың биологиялық қауіпсіздігінің ұлттық стандартын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Отырыста отандық өндірушілер өздерінің түйткілді мәселелерімен бөлісті. Ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының, салалық бірлестіктердің өкілдері де сөз сөйледі. Мәжіліс депутаттары тақырыпқа қатысты нақтылау сұрақтарын қойып, құқықтық қолдануды жетілдіру және қолдау шараларын күшейту бойынша ұсыныстарын айтты. Қорытынды сөзінде комитет төрағасы Серік Егізбаев жиын барысында айтылған ұсыныстар Мәжіліс депутаттарының салалық заңнаманы жетілдіру және органикалық өнім өндіру мен айналымы туралы заңды тиімді іске асыру жөніндегі алдағы жұмысында ескерілетінін айтты.
В Атырау -2