Павлодарлық «Сағып» шаруа қожалығы «Эйр Астана» әуе компаниясы мен Ресейдің Белокурихи курортына қымыз жеткізу туралы келіссөздер жүргізуде, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі шаруа қожалығының басшысы Төлеу Құшмановаға сілтеме жасап.
«Біз қазір Ресей нарығына шығу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Қазірдің өзінде бізге Белокурихи қаласының емдеу-сауықтыру орнына қымыз жеткізуге өтінім түсіп отыр. Бұдан бөлек, отандық ірі әуе тасымалдаушы «Эйр Астана» компаниясы ынтымақтасуға дайын екендіктерін жеткізді», - дейді Т.Құшманова.
Төлеу Құшманова 12 жыл бұрын күйеуі жұмыссыз қалғаннан кейін қымыз өндірумен айналыса бастайды. Біраз уақыт өткеннен кейін ерлі-зайыптылар өз бизнесін кеңейтуді жоспарлап, «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасына қатысуға құжат тапсырған.
«Осы бағдарламаның шеңберінде біз бүгінде 110 млн теңгеге жуық қаржыға бірден үш жобаны іске асырып жатырмыз. Алынған қаржыға биелер, тоңазытқыш сатып алып, қымыз құю желісін іске қостық. Шаруашылыққа барлық қажетті коммуникацияны жеткіздік», - дейді Т.Құшманова.
Дереккөз: bnews.kz