Фото дереккөзі: inforotor.ru«Энергия үнемдеу-2020» бағдарламасының іс-шаралар жоспарына жалпы сомасы 1 трлн 182 млрд теңге болатын 78 шара енгізілген. Бұл жөнінде бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрлан Сауранбаев мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Бағдарламаның іс-шаралар жоспары жалпы сомасы 1 трлн 182 млрд болатын 78 шарадан тұрады. Оның ішінде республикалық бюджеттен 145 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 9,8 млрд теңге және бюджеттен тыс қаржы көздерінен 1 трлн 177 млрд теңге бөлінеді. Бағдарлама мүдделі мемлекеттік органдар, әкімдіктер, «Самұрық-Қазына» қоры және аккредиттелген ұйымдармен келісілді. Құзырлы орган ретінде Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі отандық экономиканың энерготиімділігін арттыру үшін барлық қажетті жағдайларды жасады», - деді вице-министр.
Оның айтуынша, енді барлық мүдделі мемлекеттік органдар, әсіресе, әкімдіктер мен кәсіпорындар энергия үнемдеу саясатын белсенді іске асыруға кірісуі керек.
«Бағдарламаның жүзеге асырылуын бақылау үшін тоқсан сайын Үкіметте облыс әкімдері мен ірі кәсіпорындар жетекшілерінің энергия тиімділікті арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыс жөнінде есептерін тыңдауды ұсынамыз», - деп атап өтті Н.Сауранбаев.
Дереккөз: bnews.kz