Жаңа оқу жылында біліктілікті арттырудың соңғы курстарынан өткен 12 мың мұғалім жалақысына үстеме қосылады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы ОКҚ баспасөз мәслихаты барысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Марат Орынханов мәлімдеді.
«Мұғалімдердің біліктілігін арттырудың жаңа жүйесін енгізу жұмыстары қызу жүргізілуде. Оның алғашқы нәтижелерін де көріп отырмыз. Сертификаттаудан өткен 12 мың мұғалім ағымдағы жылы жалақысына 30%-дан 100%-ға дейін үстеме алатын болады», - деді М.Орынханов.
Вице-министрдің айтуынша, 5 жылдың ішінде 120 мың ұстаздың біліктілігін арттыру көзделген.
«Бұл еліміздің ұстаздарының жартысына жуығы біліктілікті арттыру курстарынан өтеді деген сөз. Жаңа жүйеде пән бойынша білімді арттыруға ғана көңіл бөлінбейді, мұғалім құзыреті 7 модульге бөлінген. Олардың әрқайсысы жеке сертификатталады», - деп толықтырды ол.
Дереккөз: bnews.kz