Қазақстандық ғалымдар әлемде теңдесі жоқ бруцеллезге қарсы жаңа вакцинаны сынақтан өткізіп жатыр. Бұл жөнінде BNews.kz тілшісіне берген сұхбатында ҚР Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, ветеринария ғылымының докторы, профессор Абылай Сансызбай мәлім етті.
«Малдың бруцеллезіне қарсы вакцина жасап шығардық. Оның дүниежүзінде теңдесі жоқ. Ондай вакцина бұрын болмаған. Жаңа вакцинаны қазір сынақтан өткізіп жатырмыз. Бір айдың ішінде белгілі болады. Бәрі жақсы болатын болса, құжаттарын дайындап, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне вакцинаны тапсырамыз. Келешекте тіркеуден өткізіп, содан кейін бүкіл Қазақстан бойынша малдың бруцеллезіне қарсы осы вакцина пайдаланылатын болады», - деп мәлімдеді профессор.
Ғалымның айтуынша, отандық жаңа вакцинаның бруцеллезге қарсы шетелдік дәрмектен бірқатар артықшылығы бар.
«Бұл вакцинаның ерекшеліктеріне тоқталатын болсақ, оны салған жерде ешқандай ісік, басқа да келеңсіздіктер болмайды. Екіншіден, ауырып тұран малды немесе вакцина салынған малды бұрын ажырата алмайтын. Қанын тексереді, басқа да зерттеулер жасайды. Ауырып тұрған мал ба, әлде вакцина салғаннан кейін ауырған мал ма? Біздің вакцина пайдаланылған болса, оның бәрін анықтауға болады», - деп отыр Абылай Сансызбай.
Институт ғалымдары жаңа вакцинаға халықаралық патент алуға өтініш беріп қойған.
«Біздің еліміз қазірде барлық вакцинаны шетелден алады. Егер осы вакцина елімізде өндірілетін болса, мемлекет миллиардтаған қаржыны үнемдейді. Осы күні халықаралық патентке де өтініш беріп қойдық. Тек елімізді ғана вакцинамен қамтамасыз етіп қоймай, оны келешекте шетелге де шығарамыз», - деген сенімде профессор.
Дереккөз: bnews.kz