Жыл сайын отандық шоу-бизнес өкілдерінен түсетін салық көлемі арта түсуде. 2010 жылы ҚР шоу-бизнесі саласынан түскен салық түсімдері шамамен 25 млн теңгені құраса, 2012 жылдың қорытындысы бойынша оның көлемі 57 млн теңгеге өскен, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі Алматы қаласы Салық департаментіне сілтеме жасап.
Алматы қаласының салықшылары мәлім еткендей, салық заңнамасы салық төлеушілердің міндеттілігі, тұрақтылығы мен әділдігіне негізделеді. Осы тұрғыда шоу-бизнес саласының көрнекті өкілдері де назардан тыс қалмады, олардың көбі жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген.
Осының нәтижесінде, қаланың салық органдары жүргізген тексеріс жұмыстары нәтижесінде соңғы екі жылда шоу-бизнес саласында еңбектеніп жүрген 700-ден астам тұлға жеке кәсіпкер ретінде тіркеуден өтті. Осы бағыттағы жұмыстары әлі жалғасатын болады, деп көрсетілген хабарламада.
Дереккөз: bnews.kz