Атырау, 24 қараша 03:23
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Кеңседе отырып жемқорлықпен күреседі

1 315 просмотра

Ахуалдық орталықтың сарапшылары бағалары асырылған сатып алуларды анықтау мақсатында мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың мемлекеттік сатып алуға жариялаған байқауын бақылап отырды.

Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі жанынан былтыр құрылған мамандандырылған Ахуалдық орталық пен облыстарда ашылған талдау бөлімдерінің қызметкерлері кеңседе отырып қылмыстарды анықтауға және оның алдын алуға болатындығын дәлелдеді. Ахуалдық орталықтың сарапшылары бағалары асырылған сатып алуларды анықтау мақсатында мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың мемлекеттік сатып алуға жариялаған байқауын бақылап отырды. Іс барысында мемлекеттік орган базаларының мәліметтері мен басқа да ашық ақпарат көздерінің деректері пайдаланылды. Нәтижесінде, қаржы полициясы мемлекет қазынасының  3 млрд теңгесін тиімсіз пайдаланудан сақтап қалды.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақмола облысында әлдебір пысықайлар АИ-92 маркалы бензиннің 1 литрін 325 теңгеден пұлдамақ болған. Оларға қаржы полициясы кедергі келтіріп, сатып алуға жарияланған байқауды тоқтатып тастаған. Осылайша 1 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделген. Ал Маңғыстау облысындағы «Тазалық» МКК – 5 млн, «Каспий жылу, су арнасы» МКК – 19 млн, «АММТП» ҰК» АҚ – 32,5 млн, «Каспий жылу, су арнасы» МКК – 3,7 млн теңгеден астам ақшаны заңсыз айналдырғысы келген. Олардың жоспарын экономикалық қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа ымырасыз күрес жариялап жүрген жандар жүзеге асырмай қойған. Қаржы полициясы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің 2013 жылға арналған мемлекеттік сатып алу туралы жылдық жоспарынан да кемшілік тауыпты. Жоғары оқу орны 4 бөлмелі пәтерді 32,2 млн (214 667 АҚШ доллары), 5 бөлмелі пәтерді – 37,5 млн.теңгеге (250 мың АҚШ доллары) сатып алмақшы болыпты. Шын мәнісінде, Атырау қаласындағы 4 бөлмелі пәтерлердің нақты бағасы – 16,5 млн теңгеден 22,5 млн теңгеде дейінгі соманы (110-нан 150 мың АҚШ долларына дейін), 5 бөлмелі пәтерлердің  құны – 22,5 млн теңгеден 27 млн теңгеге дейінгі (150-180 мың АҚШ доллары) соманы құрайды екен. Университеттің жауапты тұлғалары пәтерлердің нақты бағаларының жалпы сомасы 20,2 млн теңгеге асырылуын түсіндіре алмапты. Сөйтіп, мемлекеттік сатып алуға арналған жылдық жоспарларын қайта қарапты.

Дереккөз: aikyn.kz

23 тамыз 2013, 10:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.