Атырау, 25 сәуір 17:31
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

«Ақтөбе» киевтік «Динамодан» 2:3 есебімен жеңілді

1 499 просмотра

Екінші тайм тартысты басталды. Қарымта шабуыл арасында «динамолықтар» біздің қақпаға тағы екі гол салды. Ақтөбеліктердің жағдайды теңестіруге бірнеше мүмкіндіктері болғанымен, тек Марат Хайруллиннің бағыттаған добы сәтті жүзеге асты. Қос команданың алғашқы кездесуі 2:3 есебімен алаң қонақтарының үлесіне шешілді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі. 

Екінші тайм басталысымен-ақ украиндықтар шабуылға көшіп, ойынның 49-шы минутында Александр Драговичтің жерлесімізге қарсы дөрекі ойнағаны үшін алаң қонақтарына екінші сары қағаз көтерілді. Соған қарамастан, қызуы басылмаған динамолықтар шабуылдарын бәсеңдетпей, керісінше, үдете түсті. Соның нәтижесінде ойынның 53 минутында шабуылшы Идейе Браун командасына тағы бір ұпай әперді. Араға төрт минут салып, ақтөбеліктердің есін жидырмастан қарсылас команданың жартылай қорғаушы Беланда Юнес үшінші голды қақпаға дөп бағыттады. 

Алайда, алаңдағы жанкүйерлердің қолдауынан қуат алған «Ақтөбе» командасы абдырап қалмай, қайта күшіне мініп, ойынның 66-шы минутында есеп арасындағы айырмашылықты бір табан қысқарта түсті. Допты жерге түсірместен, алыстан бағыттаған Марат Хайруллиннің соққысы «ақтөбеліктердің» қоржынына екінші ұпай салды.

Ойын соңына дейін осы қарқыннан тайынбай, қарсыластарын шабуыл астында қалдырған ақтөбеліктер талай ыңғайлы сәтті қалт жіберіп алды.

Осындай жүйке-жүйеге күш салатын қызу сәтте форс-мажорлы жағдайлар да туындап жатты. Мәселен, қос команданың ойыншылары жаға ұстасып қалып, бір-бір сары қағаздан алып тарқасты. Сондай-ақ жауыннан кейін жұмсарып қалған алаң екі жақтың да біраз берекесін кетірді.

Ойынның екінші жартысында бірнеше шабуылмен «Динамоның» алаңына ауысқан жерлестеріміз есепті теңестіре алмай, жеңіс алаң қонақтарының қоржынында кетті.

Енді бар үмітіміз 29 тамызда Киевтің «Олимпийский» стадионында өтетін қарымта кездесуде.

«Ақтөбе» (Ақтөбе, Қазақстан) — «Динамо» (Киев, Украина) 2:3 (1:1)

Голдар: Ярмоленко 16 (0:1) Тремулинас автогол 37 (1:1), Идейе 52 (1:2), Беланда 57 (1:3), Хайруллин 66 (2:3)

Ескерту: Мулдаров 68, Праймус 75, Логвиненко 80, Сидельников 80 — Аруна 33, Драгович 49, Ленс 76, Беланда 80

«Ақтөбе»: Сидельников, Мулдаров, Бадло, Арзуманян, Логвиненко, Харабара (Праймус 60), Хайруллин, Ковальчук (Лисенков 60), Кападзе, Давыдов (Тагыберген 86), Гейнрих

«Динамо» Киев: Шовковский, Драгович, Вида, Тремулинас, Хачериди, Вукоевич, Ярмоленко (Гусев 67), Аруна, Беланда, Дуду (Ленс 52), Идейе

Бас төреші: Алексей Кулбаков (Белоруссия)

22 тамыз. Ақтөбе. Орталық стадион.

Допты басқару: 50% — 50%

Қақпаға соққы бағыттау: 12 — 21

Ереже бұзу: 18 — 18

Штанга: 1 — 0

Офсайдтар: 6 — 3

Бұрыштама доп: 7 — 5

Сары карточкалар: 4 — 4

Ауысым: 3 — 3. 

Дереккөз: bnews.kz

23 тамыз 2013, 09:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.