Атырау, 25 сәуір 12:13
 ашықВ Атырау +26
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Шабақтарды құтқару жалғасуда

1 500 просмотра

Жыл сайын шілде және тамыз айларында Атырау облысында бөлініп қалған су қоймаларындағы балық шабақтарын қорғау екі айлығы өткізіледі. Бөлінген сулардың күннің ыстығынан кеуіп кетуі шабақтарға қырылып қалу қаупін төндіріп тұр.

Осындай «көгілдір жасақшылардың» бір тобы Аққайың ауылының маңында жұмыс жасап жатыр. Оның құрамы «Теңізшевройл» компаниясының еріктілерінен, жергілікті фермер Қалиевтар отбасы мүшелерінен және «Тілекші» ЖШС балық кооперативінің қызметкерлерінен құралған. ТШО-ның жұртшылықпен байланыс жөніндегі кеңесшісі Гүлнәр АЙТЖАНОВАНЫҢ айтуынша, компания қызметкерлерінің осы шараларға қатысуы дәстүрге айналған.

«Тілекші» балық аулау кооперативі қалған қатысушыларды қажетті құрал-саймандар: шағын аумен, бөшке, шелектермен жарақтады. Аумен сүзіліп алынған шабақтар өзен суы толтырылған бөшкелерге (бөлінген су қоймаларында оттегі жеткіліксіз) салынып, Жайыққа жеткізіліп, табиғи мекендеріне қайтарылады. Мұның бәрін тез жасаған абзал, әйтпесе әлсіреген шабақтар ыстық ауа райында ауа жетпей өліп қалуы мүмкін. Шыжыған ыстыққа, ызылдаған маса және басқа да қолайсыздыққа қарамастан барлығы жұмысқа құлшыныспен кіріскен. Жұмыс қызып жатыр, адамдар су қоймасы мен өзен арасында толассыз әрлі-берлі жүріп, шабақтарды тасуда.

Алақаныңдағы қабығы күнге жалтыраған жас сазан шабағы өзінің шағын желбезектерін қозғап, өзен тереңіне сүңги жөнелгенін көргенде ғана өзіңнің атқарып жатқан жұмысыңның маңыздылығын сезінеді екенсің.

- Шабақтардың жаппай қырылуын болдырмауға тырысамыз, - дейді «Тілекші» ЖШС-нің бригадирі Рамазан МҰҚАШЕВ. – Осындай шабақтарды қорғау шараларын біз жыл сайын өткізіп отырамыз.

Сол күні 10 000-ға жуық мөңке, табан, көксерке, сазан және тағы басқа балықтардың шабақтары құтқарылды. Шабақтарды құтқару бойынша операция тамыз аяғына дейін жалғасады. Осы бір пайдалы іске ел болып ат салыссақ, нұр үстіне нұр болар еді.
Зинат ОРЫНБАСАРОВА
Суретті түсірген автор  

22 тамыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.