АСТАНА, 20 там – Қазақстан жаңалықтары АА. Елордадағы "Астана-Арена" стадионында қарағандылық «Шахтер» мен Глазгоның «Селтик» командалары арасында футболдан Чемпиондар лигасының финалдық іріктеу кезеңінің алғашқы матчы өтті, деп хабарлаййды Қазақпарат агенттігі.
Футболдан Қарағандының "Шахтері" чемпиондар лигасы іріктеуінің плей офф кезеңінде «Селтикті» қабылдап, алғашқы ойында 2:0 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлады Аламан.kz порталы.
«Астана-Арена» стадионына бүкіл кәрі құрлық көз тікті. Бұл матчты жиырмадан астам елдің телеарналары тікелей таратқанын айта кетейік.
Ойыннның алғашқы таймында «Селтик» командасы салған жерден шабуылға көшіп, «Шахтер» қақпасына жылдам гол салуға жанталасқан. Тіпті Мокин қақпасының алдын шаңдатты. Қақпашымыз қарсыластарының әр шабуылын қайтарып, жанталасты. Өздері гол саламыз деген оймен жүрген қарсыластарымыз 12-минутта қателесті. Финонченко қарсылас айып алаңына енді де аяғына келген допты қақпаға бағыттаған. «Селтик» қақпашысы екі аяғының арасынан ала допты өткізіп алды. Қазақ жанкүйерлерінің қуанышында шек жоқ. Біздің Чемпион есеп ашты.
Екінші тайм екі команданың алма кезек шабуылдарымен жалғасты. «Шахтер» қарсыласынан сескенбей ойнады. Тіпті 52-минутта «Шахтер» сапында Хижниченко соққы бағыттаған. Бірақ «Селтик» (Форстер) допты ұстап қалды. 70 минутқа дейін «Шахтер» «Селтик» қақпасының маңын торуылдаумен болды. Қорғанысымыз да, қақпашымыз Мокин де сыр бермей ойнады. Қорғаушы Малый грек Самарасты тұсап ұстады.
77-минутта «Шахтер» сапынан Хижниченко есепті еселеді. Хижниченкоға «Селтик» қорғаушылары ие бола алмай қалды.
Осы нәтиже ойын соңына дейін сақталды. «Шахтер» өз алаңында Шотландия чемпионын ұтып кетті. Енді 28 тамызда өтетін қарымта ойынды күтеміз.
Дереккөз: newskaz.kz