
Атырау қаласының маңында шашылған қоқыстарды жинау жұмыстары жүргізілуде. Тәртіп бұзушыларды анықтау үшін бақылау камералары қолданылып, оларға қатысты тиісті шаралар қабылдануда.
«Арнаулы автобаза» ЖШС басшысы Алмас Ізтілеуовтің хабарлауынша, жақында қала іргесінен қалалық емханаларға тиесілі медициналық қалдықтар табылған. Қоқыстың арасынан бахилдер, қапшықтарға салынған медициналық қалдықтар, сондай-ақ басшылардың қолы қойылған құжаттар анықталған. Оқиға орнына санитарлық-эпидемиологиялық қызмет (СЭС) пен полиция шақырылып, хаттама толтырылды.

Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, осы дерек бойынша 23 жастағы ер адамның Жұлдыз ықшамауданы аумағында «Газель» маркалы көлігімен рұқсатсыз қоқыс төккені анықталды.
Заңсыз жерге қоқыс төккен азаматқа Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы (қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру ережелерін бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, деді полиция департаментінен.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ