Талғат Қожахметов өзі өлтірген әйелінің қасына жерленген. Сурет rikatv.kz сайтынан алынды.Атырау облысының бұрынғы әкімі, қазір іздеуде жүрген қашқын Бергей Рысқалиевтің қарындасы Гүлжанар Рысқалиеваға 2005 жылы ақтөбелік белгілі бизнесмен Талғат Қожахметовті өлтіруге тапсырыс берді, деген айып тағылып отыр. Бұл туралы «Экспресс-К» газеті хабарлады.
Кәсіпкер Талғат Қожахметов өткен ғасырдың 90-шы жылдарының соңында Бергей Рысқалиевпен бірге Ақтөбеде «Аяжан» деген арақ өндіру фирмасын ашқан көрінеді. Ол 2004 жылы өзінің әйелі Еленаны өлтіріп, қашып кетеді. Бірақ қашып ұзаққа бара алмасын білгесін, құқық қорғау органдары қолына өзі келіп беріледі. Соңынан болған сот оны қылмысты аффект жағдайында жасады деген жеңілдікпен шартты жаза ғана беріп, қамауда босатып жібереді.
Ал бизнесменнің өзін өлтіру 2005 жылы орын алады. Полиция осы оқиғаның артын көп суытпай, қылмысты жасаған Рахметулла Орынбаев деген азаматты да қолға түсіреді. Кезінде бұл жігіт Қожахметовтің қарамағында күзетші болып жұмыс істеген екен. Оның айтуынша, 1999 жылдың қарашасында бизнесмен мұны ұрыпты-мыс. Осыған өкпелеген Орынбаев бірден жұмыстан шығып кеткен секілді. Бірақ ішінде қан қатып қалған ол кек қайтарудың жолын іздеп жүре беріпті. Соның ыңғайы 2005 жылдың 22 маусымы күні келгенге ұқсайды. Осы күні ол жолдастарымен бірге Қожахметовтің ізіне түсіп аңдып, оған өз үйінің ауласында шабуыл жасайды. Мұның салған жарақаты салдарынан Талғат ауруханада көз жұмады. Ал сот Орынбаевты 16 жылға бас бостандығынан айырып, қатаң режімді колонияда отыру жазасына кеседі.
2013 жылдың басында Жоғарғы Сот Рахметулла Орынбаевқа қатысты үкімнің күшін жояды. Осының соңын ала Астанадан Ақтөбеге құрамында Бас Прокуратураның, Ішкі істер министрлігінің және Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері бар күшейтілген жедел топ келіп, бизнесменнің өліміне қатысты қылмыстық істі қайта тексеруге кіріседі. Осы жұмыстардың барысында тергеу қызметкерлерінде жаңа версия пайда болады. Оған сәйкес, кәсіпкерді өлтіру үшін Орынбаевты 15 мың доллар ақшаға жалдаған Гүлжанар Рысқалиева деген жаңа болжам судың бетіне қалқып шыға келеді.
Әзірге Р.Орынбаевтың өзі кісі өлтіруді тапсырыс негізінде жасағанын мойындамай отырған сыңайлы. Алайда, істе оның Қожахметовке Рысқалиеваның тапсырмасы бойынша шабуыл жасау жоспарын жолдастарымен бірге жасасқанына куәлік еткен адамның түсіндірмесі тіркеліп қойыпты.
Қылмыстық істе дәл қазіргі кезде Гүлжанар Рысқалиеваның тергеуден қашып, іздеуде жүргені айтылады. Оған қатысты әзірге сырттай қылмыстық іс қозғалып отыр.