
«Казгидромет» РМК Атырау облысы бойынша филиалының мәліметіне сәйкес, соңғы күндері Атырауда ауа сапасы күрт нашарлап, ластаушы заттардың шекті мөлшері бірнеше есеге артқан.
Экология департаментінің хабарлауынша, 17-18 наурыз күндері №17 ластаушы бақылау бекеті (ПНЗ) мен №114 «Загородная» атмосфералық ауа сапасын бақылау станцияларында күкіртсутектің мөлшері рұқсат етілген шекті шоғырланудан (РШШ) 1-4 есеге дейін асып түскен. Сол күндері жел оңтүстік-батыс және батыс бағыттарда соғып, жылдамдығы 2-7 м/с аралығында болды.
18-19 наурыз күндері «АМӨЗ» ЖШС-не тиесілі «Мирный» станциясында күкіртсутек мөлшері 4 есе, «Перетаска» станциясында 1 есе, №103 «Шағала» – 5 есе, №109 «Восток» – 8 есе, №111 «Жилгородок» – 4 есе, №112 «Акимат» – 10 есе, №113 «Авангард», №114 «Загородная» және ПНЗ №5 «Курсай» станцияларында 1-5 есеге дейін артқаны анықталды.
18-19 наурыз күндері қаладағы қолайсыз экологиялық жағдайға байланысты Атырау облысының экология департаменті, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және «Казгидромет» РМК АФ бірлесіп, селитебтік аумақтарда атмосфералық ауа сапасына мониторинг жүргізді. Сынамалар «Квадрат» булану алаңында, Атырау қаласының 5 шақырымдық аумағында, «ҚазТрансОйл» АҚ-ның оңтүстік беткейіндегі санитариялық қорғау аймағынан тыс жерде, сондай-ақ «Атырау мұнай өңдеу зауытының» санитарлық қорғау аймағынан тыс жерлерде алынды. Зерттеу барысында атмосфералық ауада күкіртсутек (H₂S), көмірсутектер (C₆-C₁₀) және бензол (C₆H₆) мөлшері тексерілді. Нәтижесінде, «Квадрат» булану алаңында рұқсат етілген шекті шоғырланудан асу фактісі тіркелді.
"19 наурыз сағат 05:00-05:20 аралығында №111 «Жилгородок» станциясында күкіртсутек мөлшері 11 есеге, ал №112 «Акимат» станциясында 10,7 есеге артқаны анықталды", - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта экология департаменті қаладағы ірі кәсіпорындардың экологиялық заңнама талаптарын сақтауына қатысты жоспардан тыс тексерістер тағайындау жұмыстарын жүргізуде. Атқарылған жұмыстардың қорытындысы мен қабылданған шаралар қосымша хабарланады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ