«Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компанияның басшысы қамауға алынып, қызметінен босатылдыҒабдуллатиф Мырзақұлов «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компанияның басшысы қызметінен босатылды, деп хабарлады ҚР ұлттық ғарыш агенттігінен (Қазғарыш).
«ҚР ұлттық ғарыш агенттігінің 2013 жылғы 6 тамыздағы №79 бұйрығымен Ғабдуллатиф Мырзақұлов оған қатысты ҚР экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясының) қылмыстық іс ашуы себепті, ол «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ басшысы қызметінен босатылды», - делінген сәрсенбі күні Қазғарыш агенттігінің сайтында жарияланған хабарда.
Және де Қазғарыш бұйрығымен ұлттық компания президенті міндетін атқару ұлттық компанияның бірінші вице-президенті М.Нұрғожинға жүктелді.
«Компания жобаларымен іске асырылып жатқан келісім міндеттері мен жұмыс кестелерінің жоспарын сақтауға бағытталған шаралар қабылдануда», - делінген хабарда.
Еске салсақ, 2013 жылғы 1 тамызда Қаржы полициясы агенттігінің қызметкерлері аса ірі көлемде пара алды деген күдікпен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ президенті Ғ.Мырзақұлов ұсталды.
Оған жалпы құны 15 млрд.теңгеден асатын Ғарыш техникасының арнайы конструкторлық-технологиялық бюросын құрастыру-сынау кешенінің құрылыс жұмыстарын сатып алу конкурсында «Құлагер» құрылыс компаниясы» ЖШС мүдделеріне әрекет етіп, сол үшін аталған кәсіпорынның басқарма төрағасы Т.Егенбаевтан сенімді адамы – Е.Асылбеков арқылы 272 мың АҚШ доллары және 75 млн. 300 мың теңге көлемінде пара алды деген айып тағылып отыр.
«Құлагер» ҚК» ЖШС-нің басқарма төрағасы Т.Егенбаев және «Сұңқар Күзет» ЖШС директора Асылбеков те ұсталды.
Егенбаев аса ірі көлемде пара берді деп, ал Асылбеков пара алуға көмектесті деп айыпталуда.
3 тамызда Мырзақұлов пен Асылбеков сот санкциясымен қамауға, Егенбаев – үй қамауына алынды.
Қылмыстық іс тергелуде, өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды, делінген дүйсенбі күні таратылған хабарда.