60 жыл бұрын, 1953 жылдың 12 тамызында, Семей полигонында бірінші сыналған РДС-6с советтік сутекі бомбысы болды Қазақстан жерінде халыққа әкелген қасіреті әлі де жойылмаған алапат оқиғаға 60 жыл толып отыр. Совет Одағы Семей аймағында1949 жылдың 12-шы тамызында алғашқы ядролық сынақ өткізген еді.
АДАМ ДА, МАЛ ДА ТӘЖІРИБЕЛІК ТІРІ НЫСАН БОЛҒАН
Бұл жарылыстар арқылы Совет билігі әлемге өзінің ядролық қуатын көрсетуге тырысты. Ал қарапайым қазақстандықтар оның зардабын әлі күнге дейін тартып отыр.
Совет одағы Қазақстанның солтүстігіндегі сол кездегі Семипалатинск өңірінде тура 60 жыл бұрын 22 тонналық ядролық бомбаның алғашқы сынағын өткізді. Жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 7-де орын алған қуатты жарылыс бір мезетте аймақты радиациялық күлге орады.
Сөйтіп, Совет Одағы мен Құрама Штаттар арасында болған қырғи-қабақ соғыс кезіндегі ядролық қару бәсекесі басталып кетті. Оның алдында 1945 жылы Америка Хиросима мен Нагасакиге екі бомбасын тастап, өзінің ядролық мүмкіндігін танытқан болатын.
Семей аймағында 40 жыл бойы сыналған ядролық зарядтардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2,5 мың есе асып түседі екен.
Сол кезде бұл жарылыс Совет Одағының адамдары үшін мақтаныш, жетістік болып көрінді. Бірақ кейін Семей өңірінде жүздеген жарылысқа ұласқан бұл сынақтардың салдары сол жерде тұратын адамдарға үлкен қасірет әкелді.
40 жылға созылған осындай сынақтар барысында 470 ядролық жарылыс жасалды. Оның 118-і жер үстінде, 352-сі жер астында өткізілді. Ядролық жарылыстармен бірге Семей полигонында химиялық жарылғыш заттарды қолдану арқылы 175 жарылыс болды.
Семей полигонындағы ең соңғы ядролық жарылыс 1989 жылдың 19 қазанында жасалды. Содан кейін Семей полигоны Қазақстан президентінің жарлығымен 1991 жылғы 29 тамызда жабылды. Полигонның жабылғанына қарамастан, ядролық сынақтардың зардабын бүгінгі ұрпақ әлі де тартып келеді. Мамандар тағы 5-6 буынға оның салдары жалғасады деген болжам айтады. Жалпы бұл радиациядан зардап шеккендердің саны 2 млн. адамнан асады.
Семей жерінде ядролық сынақтарды жүзеге асырумен айналысқан "НКВД" басшысы Лаврентий Берияның ұйымдастыруымен ауада және жердің астында 500-ге жуық сынақ жасалған болса, ол әлемдегі барлық сынақтардың үштен бірін құрап отыр.
Сонымен қатар Семей өңірінде тұратын адамдардың өздері де еріксіз сынақтың тәжірибелік нысанасына айталған. Жарылыс кезінде тұрғындар үйлерінен шығарылып, кейіннен олардың ағзасына қаншалықты деңгейде радиация тарағандығы зерттеліп отырған.
ЖАРЫЛЫСТАРДЫҢ ШЫН ҚУАТЫ ЖАСЫРЫЛАТЫН
Совет Одағының ядролық даму бағдарламасының жетекші ғалымы Игорь Курчатовтың аты берілген қала тұрғыны Зоя Михайловна анасынан естіген сынақ көріністері туралы Азаттық тілшісіне баяндап берді.
“Менің анамның айтқандарына қарағанда, әскерлер барлық тұрғындардың үйлерінен шығуларын сұраған. Және жарылыстан кейін аспанда саңырауқұлақ сияқты болып қалған түтінді көріп жүрген. Мен ұйықтап жатқанда, жер сілкінісі сияқты қозғалысты сезінетінмін. Біз сосын сілкіністі сезіне бастасақ, жарылыс болып жатқанын білетінбіз. Кейінірек оған үйреніп те кеттік. Одан кейін билік бізге ескертпестен, жарылыстар жасай беретін болды”.
Жарылыстан радиация алған мыңдаған адам қатерлі ісік, жүйке ауруларына, тағы басқа түрлі дертке шалдықты, көптеген сәбилер дүниеге мүгедек болып келді.
Қазақстан ұлттық ядролық орталығының қызметкері Жанболат Ғылманов Совет билігі сыналған бомбалардың қуаты туралы шындықты жасырды дейді.
“Сол күндері таратылған ақпараттар шындықтың ауылынан алыс болды. Мәселен, ақпарат құралдары Семей полигонында 20 тонна атом бомбасы жарылды деп хабар таратты. Бірақ біз ол бомбаның қуатын зерттеп көргенде, біз оның 80 тоннадай болатынын анықтадық. Билік бомбалық сынақтардың салмағын мүмкіндігінше азайтып көрсетуге тырысты. Сондықтан 0-ден бастап 20 тоннаға дейінгі кейбір кітаптардағы көрсеткіштер өтірік ақпараттар.”
Жанболат Ғылманов оразан зор зардап әкелген ядролық сынақтардың салдары әлі жүз жылға дейін жетеді деп отыр. Және ол Совет Одағының 715 сынағының 500-дейі не себепті Қазақстан жерінде жасалғаны әлі күнге анық емес дейді.
ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚ ЗАРДАПТАРЫ ҰРПАҚТАН-ҰРПАҚҚА ЖАЛҒАСУДА
Семейдегі экологиялық мұражайдың қызметкері Дмитрий Калмыков Азаттықтың орыс қызметіне берген сұхбатында, сынақтардың салдары бүгін де, ертең де біліне береді, өйткені ол жерлерде әлі де адамдар тұрып жатыр деді.
“Семей полигоны адамдар тұратын әлемдегі жалғыз сынақ алаңы. Және сынақ алаңында әлем бойынша тек қазақтар мекен етеді. Бейбіт халықтың сынақ аймағында жылдар бойы тұрып жатуы үлкен проблема”.
Калмыковтың сөзіне қарағанда, әлемдегі көптеген ядролық сынақ алаңдары адамдар тұратын жерден шалғай жатыр. АҚШ пен Францияның мұндай аймақтары адам денсаулығына зардабын тигізеді деп анық белгіленіп қойған.
Ал Қазақстандағы үлкен проблема - жергілікті жұрт нақты қай жерлерде тұруға болмайтындығын білмейді дейді Калмыков.
“Бұл аймақта тұратындар тіпті нақты қай жердің сынақ алаңы болғандығын білмейді. Біз полиция, дәрігелер мен жергілікті билік басшыларынан сұрастырып көрген едік. Олар өздері сынақ болған жерде тұрып жатыр ма, жоқ оған жақын маңда ма одан бейхабар. Жалпы алғанда, олардың білмейтіні туралы жарты сағат айтуға болады. Іс жүзінде, үкіметтің жарылыстың радиациясынан халықты қорғау шаралары туралы ешқандай ақпарат жоқ”.
Қазақстан үкіметі Семейдің өлім ошағында тұратын адамдарды басқа жаққа көшіретіні туралы, радиациямен уланған аймақты тазартуға қаржы бөлетінін бірнеше мәрте айтты. Бірақ ресмилер ол жоспарларын толығымен іске асыра алмай жатыр деді Семейдегі экологиялық мұражай қызметкері Дмитрий Калмыков.