ЕХРО-2017 өтетін кешен мен көрменің символы қандай болмақ? Алдағы бір айдың ішінде халықаралық сәулет байқауына ұсынылған жобалардың жеңімпазы анықталады. Бүгін Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көрменің ең үздік эскиз-идеяларымен танысты.
Конкурсқа қатысқан қазақстандық және шетелдік барлық архитекторларға, үздік жобаларды таңдап алатын комиссия мүшелеріне алғыс айтқан Президент, көрме өткеннен кейін құрылыстарды, соның ішінде тұрғын үйлерді, қызмет кеңселерін, сауда ғимараттарын, ғылыми зертханаларды пайдалануды қамтамасыз ету қажет деді.
Бұл жерге 50-ге жуық жобаның макеті қойылған. Олардың әрқайсының өзіндік ерекшелегі бар. Әлемнің 22 мемлекетінің сәулетшісі қатысқан байқаудың жеңімпаз-жобасы алдағы бір айдың ішінде белгілі болады.
Байқау жылдың басында жарияланды. Осы уақыт аралығында әлемдік және отандық сәулетшілер ЕХРО-2017 көрмесі кешенінің бірнеше эскиз-идеясын жіберді. Олардың арасында дүниежүзіне танымал Заха Хадид, Стефано Боери, Манфреди Николети сияқты сәулетшілердің туындылары да бар. Әзірге макет күйіндегі жобаларды Президент Нұрсұлтан Назарбаев көріп шықты. Әрқайсына жеке жеке мән берді. Жоба таңдалып, бекітілген соң көрме кешенінің құрылысы бірден басталады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Бұл енді қазақтың тарихында бір-ақ рет болатын нәрсе, сонша елдің арасынан біз ЕХРО-ны жеңіп алдық, Қазақстанға, Астанамыз үшін негізгі көрсететін үлкен объектілердің бірі болып қалады. Сондықтан жан-жақты қарауымыз керек, 38 жобаның барлығын мен қарап шықтым, оның ішінен онын біз жаңа қарадық, в любом случае крытый город должен быть, біз 3-4 айдың ішінде көрмені өткіземіз, одан кейін мына қыруар салынғанның бәрі әшейін қаңырап тұрмау керек, бәрі қолданылуы керек. Менің ойымша, «Годон вилдің» идеясын қалдырып, ортасына француздардың тематикасын қалдырып, жапонның ашық қаласын қосса, сол үшеуінен бірігіп жақсы жоба шығады.
ЕХРО қалашығының аумағы 173 гектар дейтін болсақ, оның 25 гектарында көрме кешені орналасады. Байқауға ұсынылған жобалардың бәрі «Болашақтың энергиясы» тақырыбына сай дайындалған.
Талғат Ермегияев, «ASTANA EXPO-2017 ұлттық компаниясының» басқарма төрағасы:
- Біздегі әрбір ғимарат өзінің энергиясын шығарып, өзіне қолдану керек. Энергияны ары бері ауыстыру, алмастыру энергияны сақтау жөніндегі, тек қана бейнесі ғана емес, әдемілік қана емес, сондай мәселелерді қарайтын техникалық кеңес құрып, соған мамандар шақырды шет елден.
Байқауға келіп түскен жобаларды техникалық кеңес қарайды, бұл кеңеске жетекшілік ету белгілі экономист Джереми Рифкинге тапсырылды. Ең үздік деген эскиз-идеяның авторына 150 мың доллар жүлде беріледі.