ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-лейтенант Мұрат Мәйкеев Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі жанындағы әскери атташе полковник Хамза Рухи Каберегпен кездесті, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
«Келіссөз барысында екі елдің құрлық әскерлері арасындағы ынтымақтастықты дамыту, Қазақстан мен Иранның әскери оқу орындарында мамандар дайындау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, тараптар жекелеген бөлімшелердің жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізу тәжірибелерін бөлісті», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, неғұрлым тығыз қарым-қатынас орнату үшін екі ел әскери делегацияларының бақылаушы ретіндегі барыс-келіс мүмкіндігі сөз болды.
Полковник Хамза Рухи Каберег Қазақстан Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысымен әңгіме кезінде Қазақстан әскери қызметшілерінің Жауынгерлік парадта көрсеткен кәсіби және жауынгерлік дайындығына жоғары баға берді.
Сондай-ақ, ол Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың аталған іс-шараға қатысуы Мемлекет басшысының әскерге деген үлкен сенімін көрсетеді деп атап өтті.
Кездесу соңында ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-лейтенант Мұрат Мәйкеев меймандарды жуырда ғана өткен Иран Ислам Республикасының жаңа президентін ұлықтау салтанатымен құттықтады.