АҚШ соты отандасымыз Кирил Денякинді атып өлтірген сақшыға қатысты істі қайта қарайтын болды. Осыдан екі жыл бұрын Портсмут қаласының полицейі Стивен Ренкин Қазақстан азаматын қарақшы деп ойлап, оқ жаудырған еді. Сот тәртіп сақшысын ақтап шыққанына қарамастан, біздің дипломаттар істі қайта қарауға қол жеткізіп отыр. Ол 14 қыркүйекте өтпек.
Сол уақытта сот алдыңғы шешімін өзгертіп, оқ жаудырған полицей жазаға тартылуы мүмкін. Ал екі жыл бойы әділеттік іздеп, табанынан таусылған Денякиндер отбасы осы процеске баруға да дайын. Себебі алқа билердің қатысуымен 2011 жылы өткен отырыста Стивен Ренкин ақталып шыққанымен қатар, өтемақы төлеуден де босатылыпты. Бұндай шешім оның қызметтік бабын орындауымен байланыстырылыпты. Айта кетерлігі полицей Стивен Ренкин отандасымыз Кирил Денякинді қарақшыға балап 11 рет атқан. Тәртіп сақшысы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында дарға асылғандардың суретін жариялап, тіпті табельдік қарумен біреуді атқысы келетінін жазған болатын.