Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры (МЖЗҚ) базасында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) құрылды. Бұл туралы «Әділет» Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі сайтында хабарланды.
«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі «МЖЗҚ» жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы акцияларының мемлекеттік пакетін заңнамада белгіленген тәртіппен қабылдасын», - делінген қаулыда.
Сонымен қатар Үкімет қоса беріліп отырған «Қазақстан Халық Банкі» АҚ еншілес ұйымы «Қазақстан Халық Банкінің Жинақтаушы зейнетақы қоры», «ГРАНТУМ жинақтаушы зейнетақы қоры» («Казкоммерцбанк» АҚ еншілес ұйымы) және «Ұлар Үміт» жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамдарының акцияларын мемлекеттік меншікке қабылдау және оларды «БЖЗҚ» АҚ-ға беру жөніндегі іс-шаралар жоспарын мақұлдауға, Комитет және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы (келісім бойынша) заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулыдан туындайтын қажетті шараларды қабылдауға қаулы етті.
Дереккөз: bnews.kz