
Каспий теңізінің түбінде Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін (ТОБЖ) салу бойынша көптен күткен жоба камералдық жобалау-іздестіру жұмыстары сатысында, деп хабарлады «Қазақтелеком» АҚ байланыс және брендті жылжыту департаменті "АЖ" сауалына берген жауабында.
Еске салайық, 2025 жылғы 28 қаңтарда мемлекет басшысының қатысуымен өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов Каспий теңізінің түбімен Әзірбайжан-Қазақстан бағыты бойынша талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысы биыл басталатынын мәлімдеген болатын.
2023 жылы «Қазақтелеком» АҚ және «Azertelecom Int.» ЖШҚ тең меншік үлестерімен (50%/50%) Caspinet B.V. бірлескен кәсіпорнын құрды. Ол өз кезегінде су асты ТОБЖ-да жобалауды және салуды қамтамасыз ететін халықаралық EPC мердігерін таңдады. Ол камералдық және теңіз зерттеулерін жүргізуді, жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуді, Каспий теңізіне су асты кабелін өндіруді және жеткізуді, кабельді оның түбімен тартуды қамтамасыз етуі тиіс.
Қазіргі уақытта камералық жобалау-іздестіру жұмыстары (Desktop Study) басталды, оның мақсаты - су асты кабелін тартудың алдын ала бағытын анықтау және айналып өтуді қажет ететін аумақтарды анықтау. Осы жұмыстардың аясында кабельді жобалау және төсеу үшін Қазақстан мен Әзірбайжанның мемлекеттік органдарынан алынатын қажетті рұқсаттар тізімі де (Permits in Principle, Operation Permits) жасалады.
Бұрын жарияланған ақпаратқа сәйкес, ұзындығы 370 шақырым болатын негізгі желі Қазақстандағы Ақтау қаласын Әзірбайжанның Сиазань қаласымен байланыстырады. Резервтік кабель Қазақстанның Құрық портын Апшерон түбегіндегі Бузовна ауылымен жалғайды. Деректерді тасымалдау жылдамдығы 400 терабит/с жетуі мүмкін.
Белгісіз себептермен «Қазақтелеком» АҚ қай компанияның осы жоба бойынша EPC мердігері болғанына жауап бермеді, бірақ таңдалған EPC мердігері жобалауға, кабель өндірісіне және су асты талшықты-оптикалық байланыс желілерін тартуға маманданған және осындай жобаларда барлық тиісті құзыреті мен тәжірибесі бар халықаралық компания екеніне сендірді.
Жомарт ӘМІРХАНОВ