Астана. 5 тамыз. Baq.kz – "КазРиэлт" порталының зерттеуі бойынша Қазақстанда жер телімі қымбаттаған. Жыл басынан бері оның бағасы 22,57%-ға, ал соңғы бір айда 15%-ға құны артқан.
Қазақстан бойынша ең қымбат жер Астана қаласында тіркелген. Мұнда бір сотық жер телімі 1 млн 448 мың 523 теңге немесе 9 мың 533 доллар тұрады. Соңғы бір айда ұлтарақтай жердің құны 12,5%-ға, ал жыл басынан бері 45%-ға жоғарылаған. Алайда, өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда Астанадағы жердің бағасы 10,8% төмендеген. Бағаның құбылмалылығы нарықтың түрлі секторындағы күтпеген өзгерістерге байланысты, дейді "Капитал.кz" сайты.
Жер телімі қымбаттығы жөнінде екінші мен үшінші орынды Астанадан кейін Алматы мен Шымкент қалаларында тіркелген. Алматыда бір сотық жер үшін 9 мың 144 доллар болса, Шымкентте 9 мың 95 доллар екен.
Ал ең арзан жер телімі Қарағанды қаласында екен. Онда жердің құны соңғы бір айда 5,35% төмендеп, баға бір сотық жер үшін 602 мың 798 теңгеге тұрақтаған.
Дереккөз: baq.kz