Бірнеше жылдан бері ұстатпай, қашып жүрген қазақстандық банкир Мұхтар Әбілязов түн ортасында өз адвокаты – украин қызы Олена Тищенкомен кездесемін деп қолға түсіп қалған, деп жазады forbes.kz The Times басылымына сілтеме жасап.
Олёна Тищенко Лондонның Жоғарғы сотында БТА Банкінің активтерін қайтару ісіне қатысты сот отырысында Әбілязовтың атынан оның мүддесін қорғаған болатын. Сот отырысынан кейін оның (жақтаушының) ізіне түскен тыңшылар Хитроу әуежайына дейін аңдып барып, Ниццеге дейін ұшаққа отырып кеткенін анықтады. Ол жаққа жеткеннен кейін Олена өзінің отбасы тұратын қала сыртындағы үйіне кетеді. Түнде, сағат 02.30 шамасында ол сұр «лэндроверде» үйінен шығып, жағажайдағы «Villa Neptune» сарайына бет алады. Әбілязовтың өзін детективтер сол вилланың терезесінен кездесуден кейін тек бір сағат өткен соң бірақ аңғарыпты. The Times басылымы атап өткендей, бұл бір жыл бойғы аңду барысындағы М.Әбілязовтың алғаш рет назарға ілігуі еді.
Соңыра бір аптадан астам уақыт бойы Әбілязов бақылауда болып, соның негізінде ол жалға алынған үш сарайдың ортасында жүретіндігі, уақытының басым бөлігін Муан-Сартудағы үйінде өткізетіндігі белгілі болды. Ол дәл осы үйінде қолға түскен болатын. Ал сыртта Әбілязов ақ BMW автокөлігімен жүріп, бірақ көбіне үйден шықпауға тырысқан. 31 шілде күні таңертең автоматпен қаруланған жүздеген француздық полицияның арнайы жасақ мүшелері әуеде тікұшақтың сүйемелдеуімен Муан-Сартудағы үйіне келіп жетіп, сағат күндізгі екі шамасында басып кіріп, еш қарсылықсыз Әбілязовты қолға түсірді. Шорты мен футболка киген үй иесін құқық қорғаушыларға көрсеткен Орталық Африка Республикасы азаматының паспорты да көмектеспеді. Еш қарсылық көрсетпеген ол полицейлерге бірден беріліп, операция қантөгіссіз тынды.
Лондонда Әбілязовты жақтаған Addleshaw Goddard адвокаттық кеңсесі The Times басылымына берген сұхбатында шілде айының басынан қолға түскен сәтіне дейін оның тек өзінің әпкесі және отбасы мүшелерімен кездескенін мәлім етті. Ал Тищенко ханымның өзі болған оқиғаға қатысты қандайда бір түсініктеме беру өтінішімен жөнелтілген электрондық хатқа еш жауап қатпады.
Дереккөз: bnews.kz