Атырау, 5 қараша 05:44
 жаңбыр жаууы ықтималВ Атырау +6
$ 489.36
€ 533.45
₽ 4.99

AI: Әблязов Қазақстанда қауіп-қатерге ұшырайды

2 073 просмотра
Франция билігі қазақстандық оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовті экстрадициялауды заңға сәйкес жүргізуі және оны Қазақстанға тапсыруы мүмкін деген елдерге экстрадицияламауы тиіс. Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы 1 тамызда осындай мазмұндағы мәлімдеме таратты.

Amnesty International-дың Еуропа және Орталық Азия бағдарламасы бойынша директоры Джон Далхюсеннің айтуынша, "Қазақстан билігі Әблязовті қалай болғанда да қолға түсіруді көздейді". "Француз билігі оған қатысты істі мұқият тексеріп, оны Қазақстанға тапсыруы мүмкін деген елдерге экстрадицияламауы тиіс. Қазақстанға қайтарылған жағдайда ол азаптауға немесе басқа да қауіп-қатерге ұшырайды" дейді ол.

2005-2009 жылдары БТА банкін басқарған Әблязовті Қазақстан билігі банк қаржысын талан-таражға салды және қаржылық алаяқтық жасады деп айыптап, үстінен іс қозғаған. 2009 жылы шетелге қашқан Әблязовтің осыған дейін нақты қайда екені белгісіз болып келген еді. 31 шілдеде оны Францияның Муан-Сарту қаласында осы елдің қауіпсіздік күштері ұстады. Франция прокуратурасы оны ұстау туралы өтінішті Украина бергенін айтады.

Amnesty International ұйымы Әблязов Украинаға экстрадицияланса, ресми Киев оны ары қарай Қазақстанға беруі мүмкін деген қауіп бар дейді.

Ұйым бұған қоса Италия билігінің мамырдың соңында осы елде тұрып жатқан Әблязовтің әйелі Алма Шалабаева мен қызы Алуа Әблязованың Қазақстанға депортациялағанын да сынайды.

"Италия үкіметі Қазақстан билігінің қысымына шыдамады. Франция үкіметі мұндай қателікті қайталамауы керек. Еуропа елдері, оның ішінде Франция да бар, Әблязовтің жеке бас құқықтарының қорғалатынына және құрметтелетініне кепілдік беріп, үлгі көрсетуі тиіс. Олай болмаған жағдайда Еуропада адам құқықтарын аяққа таптау Орталық Азия елдеріндегідей үйреншікті құбылысқа айналады" дейді Джон Далхюсен.

1 тамызда Францияның Экс-ан-Прованс қаласының прокуроры Соланж Легра Азаттыққа Әблязов өзін экстрадициялау мәселесі шешілгенше қамауда бола тұратынын айтқан.
 
Дереккөз: azattyq.org
2 тамыз 2013, 09:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.