Батыс Қазақстан облысының Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы бастығы Мүсілім Оңдағановқа ұйымдасқан қылмыстық топпен бірге 200 млн. теңге жымқырды деп айыпталуда.
Бұл туралы ҚР Қаржы полициясының облыстық департаментінде өткен жиында мәлім етілді. Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың сәуірінде Мүсілім Оңдағановқа облыстық спорт басқармасының төрағалығы кезінде қазына қаржысын талан-таражға салды деген айып тағылып, қамауға алынған болатын. Кейін осы іске қатысы болуы мүмкін деген күдікпен, облыстағы спорт саласының өзге де шенеуніктері тергеу абақтысына қамалды. М.Оңдағанов ісі бойынша 35 адам ұсталған. Соның 31 тергеу жұмыстарын жүргізуге көмектескендері үшін қамаудан босатылды. Қазір оқиғаға байланысты жемқорлық фактісі бойынша 4 шенеуніктің ісі қаралуда.
Амантай РАШҚАЛИЕВ, облыстық қаржы полициясы департаментінің басқарма бастығы:
- 176-баптың 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, ұйымдасқан қылмыс деген бап бойынша прокурордың шешімімен тергеу тобы құрылды. Тергеу тобының құрамында ҰҚК мен ҚР Қаржы полициясының өкілдері бар.
Дереккөз: 24.kz