Қаржы полициясы қызметкерлері Топар полиция бөлімінің тергеушісі Қарағанды қаласындағы сауда үйлерінің бірінің дәретханасында пара алып жатқанын камераға түсіріп алған.
«2013 жылдың шілде айының басында Қарағанды облысы бойынша қаржы полициясына Топар кенті тұрғыны Абай ауданы ІІБ Топар полиция бөлімінің тергеушісіне қатысты шағым түсірген. Ол аталған азаматты және оның туыстарын қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін пара бопсалаған»,-деп хабарлады Г.Сүлейменова.
Баспасөз қызметі жетекшісінің айтуынша, жедел-алдын алу шарасы барысында 29-ші маусым күні Топар полиция бөлімінің тергеушісі қызметтік кабинетінде қылмыстық іс қозғамау және қамауға алмау үшін аталған азаматтан 500 мың теңге көлемінде пара алғанын анықталған.
14-ші шілде күні Талғат Асанды облыстық қаржы полициясы қызметкерлері қолға түсірді. Ол Қарағанды қаласындағы «Таир» сауда үйінің дәретханасында қылмыстық істі жабу үшін 300 мың теңге пара алып жатқан кезінде ұсталған.
ІІД тергеушісі Талғат Асанға қатысты ҚР ҚК екі бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. 26-ші шілде күні оған айып тағылып, сот санкциясымен қамауға алынды. Тергеу амалдары жүріп жатыр.
Дереккөз: bnews.kz