Болашақта бала жоспарлауға келгенде ерлерге қарағанда әйелдер көбірек ұстамдылық танытқан. Нәзік жандылар арасында «Бір бала жетеді» (6% әйел, 5% ерлер), «Отбасының жағдайына қарай» (11%, 8%) деген жауаптар басым болды, сондай-ақ 5 немесе одан да көп балалы болуға ерлер әйелдермен салыстырғанда азырақ ниетті екен – 2%, әйелдер – 5%. HeadHunter Қазақстан компаниясының зерттеу орталығы жүргізген сауалнама нәтижесі осындай, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Сауалмана барысында жұмыс істейтін, жұмыссыз және әрі ата-ана болып үлгермеген азаматтардың пікірлері ескерілді.
Сауалнама кезінде жұмыссыз ер азаматтар арасында (жұмыс істейтін ерлермен салыстырғанда) «Қанша бала болатынын жоспарламаймын – қанша болса, сонша болады» – 16% (13%), «5 не одан да көп балам болса» – 6% (5%) және «Ол жайында әлі ойланбаппын» – 9% (7%) деген жауаптар басым болды.
Жұмыс істемейтін әйелдер жумыстағы әйелдермен салыстырғанда жиірек бір баладан артық туғанды қаламайтын болып шықты (7% және 5%), сондай-ақ олардың арасында отбасы құруды әлі жоспарламағандар да біраз екен (8% және 5%).
Жалпы алғанда, сауалнамаға тартылған респонденттердің жартысына жуығы болашақта 2-3 бала жетеді деп отыр (48%). Ал сауалнамашылардың 15%-ы қанша бала боларын жоспарламай, бәрін өмір көрсетеді деген сенімде. 12%-ы болашақта 3-4 балам болса екен деп армандаса, тек 4%-ы ғана бес не одан да артық балалы болғанды қалайды. Азаматтардың 12%-ы қанша бала боларын қаржылық жағдайы шешеді деген ойын ортаға салды. Сауалнамаға қатысушылардың 5%-ы бір бала жетеді десе, 6% -ы әлі бала жөнінде ойлап көрмегендерін жасырмады.
Сауалнама Қазақстанда 2013 жылдың 17 мен 22 шілдесі аралығында өтті. Оған 2537 азамат қатысты.
Дереккөз: bnews.kz