Атырау, 13 желтоқсан 03:48
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 522.91
€ 548.85
₽ 5.05

Атыраулық бизнесменді аяғынан атты (толықтырылды)

2 363 просмотра

«АЖ»-ға белгілі болғандай, 16 шілдеде кеште Жилгородоктағы үйінің подъезінде атыраулық бизнесмен Асқар ҚҰЛОВ жараланды. 

Дереккөздеріміздің мәліметтері бойынша, қылмыс жасаушыны подъезд алдына орнатылған бейнекамера түсіріп алған. Алайда жарықтың жоқтығынан шабуыл жасаушыны анықтау мүмкін болмады. Ол алдымен Құловтың аяғын тапаншамен атып жаралап, содан соң сабымен басынан ұрған. Қылмыс сипаты бизнесменді өлтіру емес, қорқытқысы келгенге ұқсайды. Қазіргі кезде ол оң жақ жамбасына тиген оқ жарақатымен облыстық ауруханада жатыр.

Шабуыл жасауға «АМӨЗ» ЖШС-мен тығыз байланысты бизнесменнің қызметі себеп болуы мүмкін деп жорамалдануда. Құлов ұзақ уақыт бойына сол кездегі АМӨЗ директоры Талғат БАЙТАЗИЕВПЕН бірге жұмыс істеп, зауытқа байланысты күзет агенттіне басшылық еткен болатын. Ол - облыстық грек-рим күресі федерациясының президенті.

Байтазиев қазір «ҚазТрансОйл» АҚ-ның 100 пайыз еншілес кәсіпорны «Batumi Industrial Holdings Ltd"-не басшылық етеді. Оның құрылымына Батуми мұнай терминалы мен Батуми теңіз порты кіреді.

Соңғы кездері АМӨЗ қызметі құқыққорғау органдарының назарын көп аударуда. 2013 жыл басталғалы қаржы полициясы мұнайдың заңсыз айналымы фактілері бойынша 16 қылмыстық іс қозғады. Атап айтқанда, «Грэйт Ханбалык», «Мега Ойл Продукт» және Наnkeldi Commerse, Рetpoline ЖШС-лерінің басшыларына қатысты қылмыстық істер қозғалды. Олар жалған құжаттар бойынша АМӨЗ-ге шикі мұнайды өңдеуге тапсырған деп күдіктелуде. 1 млрд теңгеден астам сомада 9 мың тоннадан астам заңсыз мұнай тәркіленіп алынған болатын.

Кешке қарай облыстық ІІД баспасөз қызметі осы жағдайға түсінік берді. Баспасөз хатшысы Гүлназира МҰХТАРОВАНЫҢ ақпараты бойынша, шілденің 16-ынан 17-іне қараған түні жедел қызмет пультіне Әуезов көшесінің бойындағы үйлердің бірінің ауласынан атылған оққа ұқсайтын дыбыс естігендігі туралы әйел адамнан хабарлама түскен. Сол жерге жедел топ жетіп, оқ ату фактісі расталды. Үйіне келе жатқан 1968 жылғы ер адамды (оның есімін ІІД атамады) белгісіз біреу анықталмаған үлгідегі қарумен атып, қылмыс орнынан таса болған. Жамбасынан жарақат алған жапа шегуші ауруханаға жатқызылды. Қазіргі кезде ҚР ҚК-нің 257-бабының 3-тармағы («Қару қолдану әрекетi арқылы жасалған бұзақылық») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Шабуыл жасаушының жеке басын анықтау және оны іздестіру жөніндегі тергеу амалдары жүргізілуде.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

17 шілде 2013, 18:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.