Атырау, 23 қараша 23:09
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Шалабаеваны депортациялаудан шу шықты

1 631 просмотра

Әблязовтiң әйелiн депортациялау мәсе­лесi Италияда үлкен дауға айналды. Бұған тiптi Италияның премьер-министрi Энрико Леттаның өзi араласты. Алма Шалабаева мен оның бес жасар қызын депортациялау түрлi заңбұзушылықпен өткенiн анықтаған Италия үкi­метi бұл шешiмнiң күшiн жоятынын мәлiмдедi. 
Ендi Шалабаеваны елге қайтару туралы шешiм шығарған Италияның iшкi iстер министрi, Берлусконидiң жақтасы Анджелино Альфаноның отставкаға кететiн түрi бар. The Times басылымының жазуына қарағанда, Альфаноның әлгiндей шешiм қабылдауына мұнайға бай қазақ елiмен сауда-саттық қарым-қатынасы әсер еткен. Министр Қазақстанға заңсыз түрде көмектестi деп айыпталуда.
Алайда Италияның мәлiмдемесiне Қазақстан жағы мiз баққан жоқ. Сыртқы iстер министрлiгi “Әблязовтiң әйелi мен қызын депортациялау Италияның iшкi мәселесi екенiн” мәлiмдедi. “Алма Шалабаеваның және оның қызының Қазақстанға жер аударылуына қатысты барлық заңдар мен iс-әрекеттер тиiстi түрде сақталған” дейдi министрлiк. “Алма Шалабаева және оның қызын депортациялау туралы шешiмiнiң күшiн жоюы, бiздiң ойымызша,         ита­льян­дық билiктiң оларға осы елге келешекте қайта кiруге рұқсат бергенi деп саналады. Алма Шала­баева мен оның қызы Алматы қаласында Шалабаеваның әке-шешесiмен бiрге тұрып жатыр. Шалабаева қамауға немесе үй қама­уына алынбаған. Әблязов мырза бiрқатар шетелдiк заңнамадан жалтарып жүр. Дегенмен, Шала­баева Әблязов жасаған қылмыстарға қатысты айыпталып отырған жоқ және оның iс-әрекеттерi үшiн қуғынға ұшырамайды”, – делiнген ми­нистрлiктiң мәлiмде­месiнде.
Алайда министрлiк А.Шалабаева – Мұхтар Әблязовтiң туысқандарына заңсыз берiлген қазақстандық төлқұжаттар туралы жеке iстiң фигуранты екенiн ескертiптi. Одан тергеу аяқталғанша елден кетпеу туралы қолхат алынған.
Мұхтар Әблязовтiң өзi Энрико Леттаға алғыс бiлдiрдi. Бiрақ отбасына әлi де қауiп төнiп тұрғанын, әйелi мен қызына Қазақстаннан кетуге рұқсат берiлмейтiнiн, әйелiн түрмеге тоғытуы мүмкiн екенiн мәлiмдедi.
Депортациялау “мафияның араласпайтын жерi жоқ” дейтiн итальяндықтардың сөзiнде жан бар екенiн көрсеттi. Қазақстан билiгi сонда кiммен байланыс жасаған? Олар нелiктен заңсыздыққа барған, бүлдiршiн қызы бар бейкүнә анаға күш қолдануға итермелеген кiм? Қысқасы, екi мемлекеттiң де жағымсыз әрекетке барғаны әшкере болды.
 
Дереккөз: Жас Алаш
16 шілде 2013, 09:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.