Атырау, 23 қараша 22:56
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

БҚО әкімінің баспасөз қызметі ақсайлық кәсіпкер Б.Меңдіғазиевтің мәлімдемесіне қатысты ақпарат таратты

2 001 просмотра
Алматы қаласында 12 шілде күні ақсайлық кәсіпкер Барлық Меңдіғазиев баспасөз мәслихатын өткізіп, Батыс Қазақстан облысы басшылығы әдейі қаржылық тексеріс ұйымдастырып, үшінші жақтың мүддесін тықпалап отыр, деп кінә тақты.

БҚО әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, Барлық Меңдіғазиев өзі басқаратын "КSS buildinq" ЖШС-ға жасалған тексерістің барлығы мұнай қалдықтарын өңдейтін кешеннің құрылысын салуды бастау туралы мәселе көтерілген Зеленов ауданындағы өткен жылғы 12 шілдедегі қоғамдық тыңдаудағы сөз сөйлеуінен кейін басталған деп санайды.

Облыстық салық департаментінің берген мәліметі бойынша, Ақсай қаласындағы 2012 жылғы қаржылық тексерістер ҚР Заңдарының шеңберінде, ҚР Қаржы министрлігінің 2011 жылғы 16 қыркүйектегі № 468 және ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің 2011 жылғы 16 қыркүйектегі №302 біріккен бұйрықтарына сәйкес жүргізілген. "КSS buildinq" ЖШС қолданыстағы заңдарға сәйкес 2012 жылы 13 маусымда жоспарлы салық тексерісі болатыны жөнінде ескерту қағазын алған. Яғни "КSS buildinq" ЖШС салықтық тексерістің жоспарына 2012 жылдың 10 мамыры күні, жоғарыда тілге тиек болып отырған 2012 жылғы 12 шілдедегі қоғамдық тыңдаудан аттай 2 ай бұрын кіргізілген болып шығады.

Барлық Меңдіғазиевтің қаржы полициясы өңір басшысының тікелей нұсқауымен экономикалық қылмысқа қарсы іс қозғап отыр деген айыптауы шындыққа жанаспайды.

БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа және экономикалық қылмысқа қарсы күрес департаменті (қаржы полициясы) «KSS Building» ЖШС директоры Б.Меңдіғазиевқа қатысты қылмыстық істі ҚР ҚК 222-бабының 3-бөлігі бойынша (салық төлеуден жалтару) салық органдарының құжаттық тексерісінің актісі бойынша қозғаған. Қылмыстық іс тіркелген жағдайда салық органдары материалдарды құқық қорғау органдарына жолдауы тиіс.

Сонымен қатар кәсіпкердің жергілікті атқарушы орган басшыларының өңірдегі қадағалау және бақылау органдарымен алдын ала ымыраласып отыр деген айыптауы негізсіз.

Баспасөз мәслихатына қатысқан журналистердің болып жатқан оқиғалардан хабарсыз екенін пайдаланып, Барлық Меңдіғазиев жағдайдың қалайда өңін айналдырып жеткізуге тырысып бағады. Мысалы, баспасөз мәслихаты кезінде кәсіпкер өңір басшысы үшінші тараптың мүддесін қорғап, атап айтқанда, істі «Промэкосервис Орал» ЖШС директоры И.Дәулетовтің пайдасына шешу үшін КSS кәсіпорнына қаржылық тексерісті ұйымдастырды деп мәлімдейді.

Табиғат қорғау прокуратурасы, сондай-ақ «Жайық-Каспий» экология департаментінің БҚОФ және БҚО бойынша мемлекеттік экологиялық инспекторының мәліметі бойынша, полигон құрылысын экологиялық сараптамасыз бастағаны, яки қолданыстағы заңдарды өрескел бұзғаны үшін «Промэкосервис Орал» ЖШС БҚО қадағалау және бақылау органдары тарапынан бірнеше мәрте айыппұл санкцияларына ұшыраған.

БҚО бойынша экология департаментінің 24.07.2012 жылғы №2-0614-12-00585 талабы негізінде БҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы «Промэкосервис Орал» ЖШС-на жоспардан тыс тексеру жүргізеді. Тексерістің нәтижесінде ҚР ӘҚжК 245-бабы (жобада МЭС оң қорытындысының болмауы), сондай-ақ ҚР ӘҚжК 243-бабы (қоршаған ортаға эмиссия шығаруға экологиялық рұқсаттың болмауы) бойынша «Промэкосервис Орал» ЖШС директоры И.Дәулетов әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 2012 жылы БҚО бойынша мемлекеттік экологиялық инспектор қоршаған ортаны өз бетімен ластау салдарынан (атмосфераға зиянды заттарды шығару) келтірген шығынды, 307 647 теңгені өтеу туралы «Промэкосервис Орал» ЖШС-ға талап қояды. Күні бүгін барлық айыппұл өндіріліп, талаптар орындалды.

Сондай-ақ 2012 жылғы 22 тамызда ҚР «ҚР қала сәулет-құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының 31-1 бабы 3-тармағы талаптарын бұзғаны үшін «Промэкосервис Орал» ЖШС-ға 307420 теңге айыппұл салынған.

Сонымен, «KSS Building» ЖШС мен «Промэкосервис Орал» ЖШС-ға заңды түрде бірдей тексерістер жүргізілген. Органдардың тексеріс жүргізуі облыс әкімдігінің құзырына кірмейді.

БҚО әкімі Н.Ноғаев өзінің атына айтылған айыптаулардың барлығын ашықтан-ашық жала жабу деп санайтынын мәлімдеді.

«Серіктестіктің басшысы салық төлеуден жалтарғаны үшін көтерілген қылмыстық іске қатысты мәселенің бәріне жазадан қашып құтылғысы келген дәмемен әдейі саяси реңк беріп отыр. Барлық мәселелер заңға сай шешілуі тиіс», - деді Н.Ноғаев.

Дереккөз: ҚазАқпарат

15 шілде 2013, 09:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.