Бостондағы лаңкестік жарылысқа қатысы бар деп ұсталған екі қазақ студентінің соты тағы бір айға шегерілді.
Мамырдан бері осымен үшінші мәрте кейінге қалдырылып отыр деп хабарлайды КТК.
Бірақ бұл жолғысына АҚШ прокурорларының өтініші себеп болған. Бұндай ақпарды бізге Азамат Тәжияқовтың әкесі Әмір Исмағұлов хабар етті. Ал ланкестік әрекетті тікелей ұйымдастырды деген Джохар Царнаев бүгінен бастап сот алдында жауап беруде.
19 жастағы Ресей азаматына 30 бап бойынша айып тағылып отыр. Соның 17-сіне сәйкес, оған өлім жазасы кесуі әбден мүмкін.
Естеріңізге салсақ, сәуірдің 16-сы күні Бостондағы марафон кезінде жойқын екі жарылыс болып, 3 адам қаза тапқан. Тағы 264-і түрлі деңгейде жараланды. Ұзаққа бармай күдікті ретінде ағайынды Царнаевтардың аты аталған болатын. Құрықтау операциясы кезінде полицияға қарсылық көрсеткен үлкені Темірлан сол жерде оққа ұшса, кішісі Джохар жаралы күйінде ұсталды.
Ал қос отандасымыз - Азамат Тажияқов пен Диас Қадырбаев бұл істе ланкеске қатысты айғақтардың көзі жоймақ болды деген айыппен қамауға алынған. Олар кіші Царнаевпен бірге оқыған. Қазір екеуі Мидлтондағы федералдық түрмеде отыр.
Дерекккөз: nur.kz