Нұрсұлтан Назарбаев В.Путинге сапары үшін ризашылығын білдіріп, екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін атап өтті.
- Біздің мемлекеттеріміз бен халықтарымыз арасындағы қарым-қатынас қарышты дамып келеді, жоғары деңгейдегі жиі кездесулер мен жүйелі пікіралмасулар соны көрсетеді. Экономикалық және саяси қатынастар өте тығыз, Кеден одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік және құрылып жатқан Еуразия экономикалық одағы аясындағы үдерістер дамып келеді. Биыл күзде Екатеринбургте Өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында кездесу өтеді, оның барысында тату көршілестік және елдер арасындағы одақтастық туралы негіздемелік келісімге әзірленген өзгерістердің енгізілуі мүмкін. Мұның барлығы мемлекеттеріміз арасындағы өзара ықпалдастық тарапында шешілмейтін ешбір мәселе жоқ екенін білдіреді. Сіз Астанада біздер оның 15 жылдығын атап өтіп жатқан күндері болғаныңызға қуаныштымын, - деді Қазақстан Президенті.
Өз кезегінде В.Путин Нұрсұлтан Назарбаевты өткен туған күнімен және Астана күнімен құттықтап, жұмысына табыс тіледі.
- Сіз Қазақстан үшін өте көп нәрсе жасадыңыз, әлі де көп нәрсе жасайтыныңызға сенімдімін. Астана күні де Сіздің күніңіз - өйткені бұл Сіздің қалаңыз. Оған Сіз өз перзентіңіздей жан жылуыңыңбен қарайтыныңызды білемін. Қазақстандықтар үшін, Астана тұрғындары үшін қуанбау мүмкін емес, олардың осындай қарыштап даму үстіндегі қалада өмір сүріп жатқаны сөзсіз сәттілік. Екіжақты қарым-қатынастарға келсек, ғарыштық қызметті қоса, біз бүкіл кешенді жайттарды талқылайтын боламыз. Өкінішке қарай, бұл ешкім жоспарламайтын оқиғалар болып жатқан сала. Мәселелер шешілетін болады, біздің бірлескен дербес жұмыс бағдарламамыз бар. Негіздемелік келісім мен интеграция мәселелері де өте маңызды. Сіз шын мәнінде біздің Кеден одағымыздың негізін салушысы - әкесісіз, бұл Сіздің идеяңыз болатын, біз оны жүйелі түрде дамытудамыз. Біз қазір оның нәтижесін сезіп отырмыз, бұл әсіресе әлемдік экономикадағы алмағайып үдерістер жағдайында ерекше маңызды. Интеграциялық сипаттағы қарым-қатынастар біздерге ықпал етіп отырған әлемдік шаруашылықтағы өткір мәселелердің тігісін жатқызуға мүмкіндік береді, - деді Ресей Федерациясы Президенті.
Сонымен қатар, мемлекеттер басшылары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, соның ішінде келесі жылы коалиция әскерлерін алып кету жоспарланып отырған Ауғаныстандағы ахуалды талқылады.
Қазақстан Президенті Египет мен Сириядағы үдерістердің өзге елдер үшін сабақ екенін атап өтті.
- Бұл - нағыз теріс үлгінің дәл өзі, қоғамға ондай қадамға баруға болмайды, -деді Нұрсұлтан Назарбаев.
В.Путин бұған қоса Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы жайттар тақырыбын да қозғап өтті.
- Сирияны қазірдің өзінде азамат соғысы шарпып тұр, қанша өкінішті болғанымен, Египет те сол бағытқа беттеп бара жатқан сияқты. Египет халқының ондай ықтимал келеңсіз оқиғалардың өрбуінен аулақ болғанын қалар едім, - деді Ресей Президенті.
Дереккөз: ҚазАқпарат