Атырау, 21 желтоқсан 06:46
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Миодраг Радулович: «Маған екі-үш жыл беріп отыр»

2 086 просмотра

Миодраг РАДУЛОВИЧМиодраг РАДУЛОВИЧСенбі күнгі «Ақтөбемен» болған ойыннан кейін біз «Атырау» футбол командасының бас бапкері Миодраг РАДУЛОВИЧКЕ (суретте) бірнеше сұрақ қойдық.

 

ҚИЫН ҰПАЙЛАР

- Жеңілістің себебі неде?

- Біз Қазақстанның ең үздік командасымен ойнадық деп ойлаймын. 37-минутқа дейін ойын біз ойлаған жоспар бойынша өрбіді. Ойыншыларымыз Тимур Кападзе, Марат Хайруллин сияқты «Ақтөбенің» ең мықты ойыншылары ойнайтын ортаны сәтті жаба білді. Алайда біз өз айып алаңымыздың маңындағы айып добын орындау сәтінде қателесіп, гол жіберіп алдық. Сонымен қатар, Сергей Куцовтың алаңнан қуылуы да кері әсерін тигізді.

- Маусым айындағы трансферлік терезе кезінде алынған ойыншыларға қандай үміт артып отырсыз?

- Бізге команданы күшейту керек болды. Біріншіден, маусым басында клубтың қаржылық жағдайы қандай болғанын баршаңыз білесіздер. Ойыншы жетіспеді. Сол кезде «Атырау» үшін ешкім ойнағысы келмеді, біз жарақат алғандар мен қосалқы құрам ойыншыларын ғана алдық... Алайда қазір клуб қарыздарын жапты және барлық қажетті ойыншыларды алдық, футболшылар арасында бәсекелестік бар. Командамыз енді жақсы өнер көрсетеді деп ойлаймын.

Маусым басында өзімізде болған ойыншылармен 14 ұпай жинағанымызды айтып өтпеске болмайды. Қазір Иняцтың арқасында 17 ұпай болды. Ал өткен жылы команда бір маусымда небары 17 ұпай жинаған еді және ол кезде чемпионатта қазіргідей 12 емес, 14 команда қатысты. Біз таңдаған жол дұрыс.

- Алынған ойыншылардың қандай артықшылықтары бар?

-  Бізде қақпашылар жетіспейтін еді, сондықтан да «Қайраттан» бұрын «Атырауда» ойнаған Алексей Шабановты алдық. Ол қақпашылар арсындағы бәсекелестікті арттыратын болады.

Қорғаушыларға қатысты да солай еді. Ринат Абдуллин келді. Ол тәжірибелі ойыншы. Олександр Стахив пен Милош Стойчев келді. Олардың командаға келуі командаішілік ахуал үшін өте маңызды.

Орталық жартылай қорғанысқа әзірбайжандық «Хазар-Ленкорань» клубынан өте тәжірибелі ойыншы, хорват Роберто Алвесті алдық. Ол ойында допты жақсы ұстап, алаңдағы ойынды сауатты жүргізе алады. Екі аяғы да жұмыс жасайтын білікті жартылай қорғаушы.

Біздің ойыншылар біраз уақыттан бері қарбалас сәттерді көп ұйымдастырса да, гол соға алмай жүрген. Ненад Иняц келді де, «Востокпен» ойында қатарынан екі доп соқты. Алексей Щеткин келді. Келесі маусымда ол чемпионаттың үздік сұрмергендерінің бірі боларына сенімім зор. Бұл үшін ойыншыда барлық қасиеттер бар, тек онымен дұрыс жұмыс жасау қажет.

 

«БІЗДІҢ БЮДЖЕТІМІЗ ШАҒЫН»

- Команданың турнир кестесінің жоғарғы сатысына шығу мүмкіндіктері қандай? Әлде қазір тек Премьер-лигада қалу үшін күресесіздер ме?

- Чемпионаттың аяқталуына бес матч қалды, солардың үшеуін өз алаңымызда өткіземіз және жеңуге тырысамыз. Әрине, шындықты айту керек, биыл біз тек сегізінші-тоғызыншы орындарға ғана таласамыз.

Бір жылда мықты команда қалыптастыру мүмкін емес. Мен қазір барлығы санасатын команда жасағаныма қуанамын. Қазіргі ел чемпионы – «Шахтердің» өзіне Қарағандыда екі гол соқтық.

Маған биыл команданы бір қалыпқа келтіру тапсырмасы берілген. Ал қалғанын келесі жылы көреміз. Тағы екі-үш жерге мықты ойыншылар алсақ, жоғарғы орындарға күресе аламыз.

Келесі жылы жергілікті ойыншыларға көп көңіл бөлу керек деп ойлаймын. Биылғы маусымда Нұрболат Қалменов, Айбар Нұрыбеков, Нұрсұлтан Мәдиев, Алексей Родионов және Алексей Маровтар жақсы өнер көрсетті.

- Командаға 2014 жылы да бапкерлік жасаймын деп ойлайсыз ба?

- Мен мұнда келгенде, кемінде екі-үш жыл жұмыс жасайсың деп сөз берген.

- Сіз командаға келесі жылы ойыншылар алу туралы басшылықпен сөйлестіңіз бе?

- Бәрі де клуб бюджетіне байланысты. Менің білуімше, Премьер-лигадағы ең аз бюджет - біздікі. «Тараздың» өзінде де бізден көп. Ал біздің ұпайымыз «Тараздан» артық.

Егер клуб бюджетін көбейтетін болса, кімді алу керектігі жөнінде ойлануға болады. Ал әзірге бұл туралы айту ерте.

- Черногория мен Қазақстандағы футболды салыстырыңызшы.

- Черногория чемпионатындағы команда саны Премьер-лигамен бірдей. Алайда бізде легионерлер емес, негізінен 18 бен 23 жас аралығындағы жергілікті жігіттер өнер көрсетеді. Сондықтан да біздің чемпионатты Еуропадағы ең «жас» чемпионат деп атайды. Содан кейін таланттылары Еуропаның басқа клубтарына кетеді. Әрине Қазақстан чемпионатының деңгейі бірталай жоғары, алайда тек шетелден келген ойыншылардың есебінен ғана басым.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

5 шілде 2013, 17:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.