Атырау, 9 желтоқсан 22:07
 ашықВ Атырау -7
$ 514.65
€ 544.60
₽ 5.17

Спорт жаңалықтары

3 117 просмотра

Айналымнан шыға алмады

30 маусымда Астанада «Қазақстан Барысы-2013» абсолюттік салмақ дәрежесінде қазақ күресінен республикалық турнирдің ақтық сайыстары өтті.

Жарыс барысында есте қалған жағдай, жартылай финалда өткен жылғы «Барыс» - тараздық Бейбіт Ыстыбаев жеңімпаз деп жарияланды, алайда залдағы көрермендер бұл шешімге наразы болып, төрешілерді финалға оның қарсыласы қарағандылық Ержан Шынкеевті шығаруға мәжбүрледі.

Бұған ренжіген Бейбіт 3-орын үшін белдесуге шықпады, сондықтан да шымкенттік Жұманазар Ерсұлтанов қола жүлдегер атанды.

Ақтық сында Е. Шынкеев өткен жылғы турнирдің қола жүлдегері өскемендік Айбек Нұғмаровтан таза ұтылды. Осылайша қазақтың жаңа бас палуаны Айбек 150 мың доллар көлемдегі бас жүлдені, «Хундай» автокөлігін алып, «Қазақстан Барысы» алтын белдігін беліне байлады.

Атырау өкілдері алдын ала айналымнан шыға алмады. Сұңғат Закарьяев алғашқы белдесуінде астаналық Асхат Уәлиевті таза жеңсе, келесі кездесуінде болашақ Қазақстан Барысы А. Нұғмаровқа есе жіберді. Қайрат Өтеген бірінші айқасында 2011 жылдың барысы  Ұлан Рысқұлға жол берді. Бұрынғы атыраулық, қазір Батыс Қазақстан облысында тұратын Ринат Ибрагимов алдымен қызылжарлық Максим Герберді ұтып, содан кейін шымкенттік Сабыржан Әбділдәұлынан жеңіліп қалды.

***

 

Байқоңырдағы жетістік

1997-98 ж.т. жасөспірімдер арасындағы самбодан Қазақстан чемпионатында атыраулық спортшылар «алтынға» бәрінен көп қол жеткізді.

Біздің самбошылардың қоржынында 6 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль бар. 38 келіге дейін салмақта – Ерасыл Серікқали, 46 келіге дейін – Қайырберді Айдымбай, 50 келіге дейін – Парасат Жұмабай, 66 келіге дейін – Дәурен Болатбекұлы, 60 келіге дейін – Анель Сүлейменова, 70 келіге дейін – Гүлдана Сәрсенова ел чемпионы атанды. 72 келіге дейін – Елшат Әбу және 70 келіге дейін – Айшат Мұратқызы «күміске» қол жеткізді. Мұхамедәли Самиғоллаев қола жүлдегер атанды. Жоғарыда аталған алты жеңімпаз осы жылдың қыркүйек айында Алматыда өтетін ІІІ Еуразиялық ойындарға қатысу құқығына ие болды.

Спортшыларды бапкерлер Б. Қошқаров, А. Жұмабеков, М. Есмағамбетов, Т. Ерболов, Ж. Иманбаев және К. Досқалиев дайындады.

Суретті түсірген Жеңіс ТҰҢҒАТАРОВ

***

Армениядан қара белдікпен келді

Суретте: Н. Шайхиев шәкірттері К. Жамауов және А. Маркеловпен бірге  Суретте: Н. Шайхиев шәкірттері К. Жамауов және А. Маркеловпен бірге 22-23 маусымда Арменияда (Ереван қ.) Айкидо Айкикай бойынша ІІІ халықаралық семинар өтті. Шараны Арменияның Айкидо Айкикай Федерациясы (президенті А. Аветисян) ұйымдастырды. Семинарды Халықаралық ұйымның Бас хатшысы Сигеру СУГАВАРА (7-дан) жүргізді.

Біздің елімізден өкіл ретінде Атырау облысы Айкидо Айкикай федерациясы (президенті Н. Шайхиев) қатысты. Бағдарламада айкидоның базалық техникалары мен оларды ұрыс кезінде қолдану принциптері пысықталды. Семинардың аяғында қатысушы елдер өкілдерінің өнерлері көрсетілді. Сондай-ақ, қара белдікке иелік ету аттестациясы жүргізілді. Атыраулықтардан 1-данға Қуаныш ЖАМАУОВ пен Александр МАРКЕЛОВ емтихан тапсырды. Атырау облыстық Айкидо Айкикай федерациясының алға қойған жоспарларына Халықаралық Айкидо Айкикай ұйымына кіріп, Қазақстанда, соның ішінде Атырауда, халықаралық семинар өткізу енгізілген.

***

 

Қостанайдан - үш жүлде

Қостанайда 1997-98 ж.т. жасөспірімдер арасында үш дүркін КСРО чемпионы, 1988 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Александр Мирошниченконы еске алуға арналған турнир өтті.

Бұл беделді турнирге Қазақстан, Әзірбайжан құрамалары, сондай-ақ Қазақстанның барлық облыстарының құрама командалары қатысты. Қорытындысында Атырау қоржынына үш жүлде түсті. 80 келіден жоғары салмақта Нұрғиса Көпжасаров «күміс» ұтса, Нұрсұлтан Жұмағазиев (48 келіге дейін) пен Аян Борашев (63 келіге дейін) «қола» иеленді. Үшеуі де - 2-БЖСМ шәкірттері.

***

 

Төрттікке бір алтын

Алматыда Первомайск тоғанында байдарка мен каноэде есуден Қазақстан чемпионаты өтті.

Есуден облыстың аға жаттықтырушысы Максим Бозбанов хабарлағандай, 1000 метрлік қашықтықта төрттік-каноэде есуден Илья Шигаев ел чемпионы атанды. Келесі бір атыраулық Виктор Смирнов осы қашықтықта бірлік-байдаркада 9-орын алды.

Елшіден жүлде алды

Астанада өткен таэквондодан «Корея елшісінің кубогы» республикалық жасөспірімдер турнирінде біздің облыс құрамасы 3 күміс және 4 қола медаль ұтты.

Жарысқа еліміздің 150 мықты жас таэквондошылары қатысты. Диана Серікова (44 келіге дейін), Бексұлтан Қабдрахманов (45 келіге дейін) және Жадыра Хайруллина (47 келіге дейін) күміс жүлдегерлер атанса, Диас Базарбаев (37 келіге дейін), Жадыра Аймұханова (44 келіге дейін), Нұрсұлтан Қабдрахманов (45 келіге дейін) және Әли Байыржан (48 келіге дейін) қола медальға ие болды. Жүлдегерлерге медальдарын Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Пэк Чухен табыс етті. Команданы бапкерлер Б. Төребаев, Е. Алагөзов және А. Касаев дайындады.

***

 

Нұртастың еңбегі зор

Облыс құрамасы Шу қаласында өткен 2001 ж.т. жасөспірімдер арасындағы баскетболдан Қазақстан чемпионатынан күміс жүлдемен оралды.

«Атырау» командасы Қоста-найдан келген құрдастарымен өткізген алғашқы матчта 41:49 есебімен ұтылып қалды. Алайда қалған ойындардың барлығында да жеңіске жетті: «Лисаковск» – 59:13, «Алматы» – 46:32, «Ақтау» – 45:18, «Петропавловск» – 38:31. Төрешілердің пікірінше, №2 мектептің оқушысы Нұртас Телеубай (бапкері Бақтығали Айжігітов) чемпионаттың MVP-ойыншысы (ең пайдалы) атанды.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

4 шілде 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.